Ерлан Қарин Президент жолдауына қатысты пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 08 қыр. 2025 15:04

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президент жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ерлан Қариннің сөзінше, биылғы жолдаудың біріктіруші идеясы – цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллектіні жаппай енгізу.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың түрлі салаларына цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жеделдетіп енгізу міндетін жүктеді. Бұл қадамның барлығы жинақтала келіп, Қазақстанның жаңа Ұлттық цифрлық даму стратегиясына біріктіріледі. Қазақстан жаңа технологияларды дамыту мен енгізуде кешенді әрі жүйелі шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып отыр.

Бұл ретте Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді. Осылайша, биылғы Жолдауда цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу біздің ел үшін жаңа ұлттық идея ретінде айқындалды", - деді ол.

Мемлекеттік кеңесші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа саяси бастамаларының негізгі қырларын атап өтті.

"Ұсынылған парламенттік реформа президенттік саясаттың "Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет" басты формуласын дамытады. Референдум өткізу жөніндегі ұсыныс Президенттің ел болашағын айқындайтын түйінді мәселелерге қатысты тек қана келісе отырып шешім қабылдау қағидатының өзгермейтінін көрсетті. Президент осымен бірнеше рет алдағы саяси жоспарларын алдын ала әрі ашық жариялады. 2022-2023 жылдардағы реформалар да, АЭС салу жөніндегі референдум да кезінде күні бұрын хабарланған болатын.

Осы тұста айрықша атап өтерлігі, әңгіме Конституцияға жедел түрде өзгерістер енгізу немесе Парламент сайлауын жариялау туралы болып отырған жоқ. Мақсат бұл емес. Басты әрі негізгі мақсат – саяси жүйенің институционалдық негіздерін одан әрі нығайту. Сондықтан Президент ойластырылған, бірізділікке негізделген дәйекті тәсілді құптайды. Ең алдымен сарапшылар мен көпшілік қауым арасында жан-жақты әрі терең талқылау жүргізу қажет. Осылайша, Қазақстан кезекті рет кезең-кезеңімен және жан-жақты жүзеге асырылатын саяси жаңғырудың үлгісін көрсетті", - деді Ерлан Қарин.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар