12 тамыз күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелге қару-жарақ сату мәселесінде жіберілген кемшіліктер туралы қылмыстық іс қозғады.
Бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихында болмаған оқиға.
Алғаш рет бұрынғы қорғаныс министрі мен бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы тергеушілер алдында жауап беретін болады. Қазақстанда Совет Одағынан мұра болып қалған бірнеше ондаған әскери завод бар. Олардың біразы жабылып, біразы қалт-құлт жұмыс істеп келеді. Бұған қоса Совет армиясының мал-мүлкі бөлінген кезде Қазақстан орасан зор қару-жараққа ие болып қалды. Бірақ бұл қару-жарақтың біразы ескірген, бүгінгі күн талабына сай келмейді.
Оның үстіне, Қазақстанның 35 мың адамнан тұратын шағын армиясының қажетінен артылып та жатыр. Осындай жағдайда бұл қару-жарақты басқа мүдделі елдерге сатып жіберуге де болады. Бірақ мәселе міне, осы – бірақта. Халықаралық қауымдастық тоталитарлық режимдер басқарып отырған, терроризмді қолдайтын елдерге қару-жарақ сатуға тыйым салып отыр. Қару-жарақ сату ісінде бұл ең басты ескеретін жағдай.
Қазақстанның соңғы 4-5 жылда бірнеше рет қару-жарақ сату ісінде көзге түсіп қала беруінің бір сыры – осында.
1995-1996 жылдары генерал Сапсай және полковник Сәдібеков дегендердің қылмыстық ісі қаралды. Бұлар сол кезде Босния – Герцеговина және Хорватиямен соғысып жатқан Югославияға зенит зымыран кешенін сатқаны үшін қылмыстық жазаға тартылды.
Валерий Сапсай 8 жыл түрме жазасын алса, полковник Сәдібеков 4 жылға кесілді. Сапсай түрмеде әлі отыр, ал Сәдібеков амнистияға ілініп, бостандыққа шығыпты. Бұлардың әрекеті халықаралық эмбаргоға қайшы болғандықтан, осындай ауыр жазаға душар болды.
1996 жылдың күзінде Қазақстаннан Солтүстік Кореяға кетіп бара жатқан бір эшелон зенит зеңбіректері Ресей территориясында ұсталды. Әуелгі кезде кеден декларациясы дұрыс толтырылмаған деген сылтаумен эшелонды ұстап тұрған Ресей жағы кейін оның Солтүстік Кореяға өтуіне тосқауыл қойған жоқ. Бірақ оқиға халықаралық баспасөзге белгілі болып, Қазақстанның тағы да тоталитарлық режимдерге қару сатып отырғандығы анықталды.
Бұдан соң отставкідегі полковник Олег Сенькин деген біреу мен Қазақстанның Сыртқы барлау қызметінің бастығы Жеңіс Рысбаевтың аты естіле бастады.
Бұлар Ирак пен Иранға қырғи ұшақтар мен зенит ракетасы кешендерін сатумен айналысқан деген қауесет тарады. Бұл жайында тіпті кейбір шетелдік баспасөз құралдары да хабар таратты. Алайда үкімет басшылары бұл қауесеттің өршуіне жол бермеді, жанжалды дер кезінде басып тастады.
Ең соңғы дау-жанжал Бакуде қолға түскен 6 МИГ-21 қырғи ұшағы болып отыр.
Үстіміздегі жылдың 24 наурызы күні Әзірбайжанның кеден қызметі осында келіп қонған Ресейдің «Руслан» әуе кемесін тұтқынға алды. Кеме ішінен Қазақстанның 6 МИГ-21 қырғи ұшағы табылды. Мәліметтерге қарағанда, Әзірбайжан жағы бұл операцияны АҚШ-тың Орталық барлау басқармасымен бірге өткізген көрінеді.
Қысқаша айтқанда, Қазақстанның қару-жарақ саласындағы әрбір іс-қимылы қазір біраз жерге белгілі болып қалды.
Осы мәселе төңірегінде түрлі-түрлі хабарлар таратылды. Біреулер қырғи ұшақтар Словакияға, екінші біреулер Словенияға, енді біреулер Солтүстік Кореяға бара жатыр екен деп соқты. Кейбір баспасөз құралдары бұл ұшақты Африкадағы бір елге сатылған екен деген де хабар таратты.
Жалғыз үндемей қалған – ресми өкімет жағы. Ұшақтардың Солтүстік Кореяға бет алуы тіпті түсініксіз. Бакуден гөрі Қазақстанның өзі Солтүстік Кореяға жақынырақ емес пе? Кейбір бұлақ көздері ұшақтар соғысып жатқан Югославияға сатылған деген болжам айтты. Шын мәнінде, осы болжам шындыққа жақын сияқты. Жүргізіліп жатқан қылмыстық іс нәтижесінде осы сұраққа жауап табылып қалуы да мүмкін.
Сонымен, Қазақстан басшылығында тағы бір дау-жанжал туып отыр. Алғаш рет екі бірдей министр орнынан алынды. Соған қарағанда, бұл жанжалдың Қазақстанның халықаралық беделіне орасан зор нұқсан келтіретіні сөзсіз. Жақында «Азаттық» радиосының орыс қызметі «Қазақстан Солтүстік Кореяға 40 МИГ-21 ұшағын сатып жібергені белгілі болды» деген хабар таратты.
Қару-жарақ сату саласында орын алып отырған қазіргідей бейберекет, жауапсыздық тұсында бұндай әрекеттердің болуы да мүмкін.
Батырхан ДӘРІМБЕТ
1999 жыл