Қазақстан Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының құрылысын тоқтатты: Себебі неде?

Көркем Алдабергенова 23 мау. 2025 12:56

Қазақстан үкіметі Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының құрылысын уақытша тоқтатуға шешім қабылдады. Оған билік пен халықаралық инвесторлар Shell және Eni компаниялары арасындағы келіспеушілік себеп болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Upstream басылымының хабарлауынша, 17 мамыр күні Қазақстанның PSA агенттігі («Қарашығанақ» жобасына жауапты мемлекеттік орган) Shell және Eni компанияларына газ өңдеу зауытының құрылысын дереу тоқтатуды тапсырған.

Shell мен Eni – Қарашығанақ жобасын басқаратын Karachaganak Petroleum Operating (KPO) консорциумының негізгі акционерлері. Бұл консорциумның құрамында, сондай-ақ, қазақстандық «ҚазМұнайГаз», америкалық Chevron және ресейлік «Лукойл» бар.

Жоспар бойынша KPO құны 3,5 млрд доллар тұратын газ өңдеу зауытын тұрғызуы тиіс еді. Зауыттың қуаты жылына 4 млрд текше метр газ өңдеуге есептелген. Алайда жобаның жалпы құны мен іске қосылу мерзіміне қатысты дау-дамайлар Қазақстан үкіметі мен батыстық мұнай алпауыттары арасындағы келіспеушілікті тереңдете түскен.

2024 жылдың шілде айында сол кездегі Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев зауыт құрылысы оператордың қаражаты есебінен жүзеге асатынын мәлімдеген болатын. Дегенмен содан бері жобаға қатысты айтарлықтай ілгерілеу байқалмады. Биылғы наурызда KPO инженерлік дайындық жұмыстарына кіріскенін жариялады.

Қазіргі таңда Қарашығанақ газын сатып алушы негізгі тұтынушы – Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауыты. KPO Қарашығанақтан жылына шамамен 9 млрд текше метр газды Орынборға жеткізіп, ол жақтан өңделген күйінде Қазақстанға қайтарылады да, ішкі нарықта сатылады.

KPO алдағы уақытта Қарашығанақтағы газ өндіру көлемін жылына 9 млрд-тан 13 млрд текше метрге дейін арттыруды көздеген. Осыдан туындайтын қосымша 4 млрд текше метр газды өңдеу міндеті жаңа зауытқа жүктелуі тиіс болатын.

Алайда зауыттың іске қосылу мерзімі 2028 жылдан 2030 жылға ауысып кеткендіктен, Қазақстан билігі бұл жобаны шетелдік компаниялардың көмегінсіз өз күшімен жүзеге асыру мәселесін қарастыра бастады.

Upstream басылымы жариялаған дерекке сәйкес, PSA агенттігі KPO-ға жолдаған хатында: «Акционерлер жоба жұмыстарын басқару үшін құрылған бірлескен жұмыс тобын таратулары қажет», – деп жазған.

Бұл хат Shell компаниясының Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесуінен екі күн бұрын жолданған. Кездесу барысында екі тарап құрылыс қарқынын жеделдету мүмкіндігін талқылаған еді.

Айта кетелік, Қазақстан билігі мен Қарашығанақ акционерлері арасында бұрыннан бері созылып келе жатқан арбитраждық дау бар.

Еске салайық, бұған дейін Eni Ресейдегі өкілдігінің жұмысын тоқтатқанын хабарлаған едік.

Интерфакс-Қазақстан агенттігі 2000 жылдан бастап Мәскеуде жұмыс істеп келген бұл өкілдіктің жұмысы 5 маусымнан бастап тоқтатылды, деп хабарлайды шетелдік заңды тұлғалар өкілдіктерін аккредиттеу туралы мемлекеттік тізіліміне сілтеме жасап.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар