"Қазақстан президенттік-парламенттік республика болып қала береді" - депутат

Көркем Алдабергенова 08 қыр. 2025 14:05

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым парламент құрылымына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік құрылымы бір палаталы немесе екі палаталы парламентке қарамастан, Президенттік-Парламенттік Республика болып қала береді.

"Президент ешқайда кетпейді. Бізде Президенттік-Парламенттік Республика. Құрылым екі палаталы ма, бір палаталы ма – бәрібір, ол Президенттік-Парламенттік Республика болып қала береді", – деді Сарым.

Айдос Сарымның сөзінше, президент атап өткен «күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» триадасы алдағы өзгерістермен толыққанды сипат алады.

"Егер референдум болып, Конституция өзгерсе, онда белгілі бір өкілеттіктер парламентке берілуі мүмкін", – деді депутат.

Сарым елімізде президент өкілеттігін беру тәртібі нақты заң жүзінде жазылмағанын айтты.

"Әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Мысалы, Польшада бүкіл ел басшылығы бір күнде әуе апатынан қаза тапты. Мұндайда билікті кім қабылдайды? Бұл – үлкен дағдарысқа себеп болуы мүмкін. Сондықтан алгоритмді нақтылау қажет. Президент бүгін ғана бұл мәселені көтерді. Бір жыл ішінде талқыланады. Арнайы орган немесе парламенттік, конституциялық комиссия құрылуы мүмкін. Соның нәтижесінде шешім қабылдау тетігі жазылады", – деді депутат.

Оның айтуынша, алдымен заңдардың мәтіні дайындалуы тиіс. Референдумнан кейін Парламент пен Президент туралы заңдарға өзгерістер енгізіледі. Содан кейін ғана жаңа жүйе толыққанды сипат алады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар