Қазақстан Орталық Азиядан 11 млрд текше метр су алады

Қаракөз Амантай 30 қаң. 2025 09:23 428

Қазақстан Орталық Азия елдерімен жасалған келісімдер негізінде көктемде 11 миллиард текше метр су алатын болды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрлік мәліметінше, елге су сәуір айына дейін жеткізіледі. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов осы келісімге қол жеткізген.

Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 88-отырысы Душанбе қаласында өтті. Жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның су шаруашылығы саласындағы жауапты басшылары қатысты. Кездесуде Сырдария және Әмудария өзендерінің бассейндеріндегі вегетация аралық кезеңнің өту барысы талқыланды.

Министр Нұржігітовтің айтуынша, бұл келісім жазғы суару кезеңіне қажетті су қорын жинауға және еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі экожүйені сақтауға мүмкіндік береді.

"Қазақстанның оңтүстігінде жағдай батыс пен солтүстіктен өзгеше. Бұл аймақта көктемгі су тасқыны болмағанымен, жазда суармалы суға сұраныс өте жоғары. Сондықтан біз оңтүстік аймақты сумен қамтамасыз ету бойынша арнайы шараларды қолға алып отырмыз. Су дипломатиясы – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Осы келіссөздер нәтижесінде өткен жылы да еліміздің оңтүстігін тұрақты сумен қамтамасыз еттік. Барлық су бөлу және трансшекаралық су нысандарын қорғау мәселелерін Орталық Азия елдерімен бірлесе отырып шешеміз", – деді министр.

Келісім аясында су көлемі Сырдария өзені арқылы Түркістан облысындағы Шардара су қоймасына жеткізіледі. Оның ішінде 1,6 миллиард текше метрі Арал теңізіне бағытталады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар