Қазақстан мен Иордания арасындағы стратегиялық диалог жаңа белеске көтерілді

Ақтоты Жапатова 27 там. 2025 22:11

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иордания Королі Абдалла II-пен кездесуі өтті. Сенатор, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Бауыржан Каниев осы кездесудің маңызы мен стратегиялық ынтымақтастықтың бағыттары туралы пікір білдірді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

- Ақпандағы Аммандағы уағдаластықтар қазір нақты жобаларға ұласуда: ауыл шаруашылығы, фармацевтика, цифрландыру, білім беру. Сіздің ойыңызша, осы ынтымақтастықтың қай бағыты Қазақстан мен Иорданияның ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестігінің іргетасына айналуы ықтимал?

- Ақпанда Амманда өткен келіссөздер Қазақстан мен Иордания арасындағы қарым-қатынастарды сапалық жаңа деңгейге шығарды. Сол уағдаластықтардың қазір нақты жобаларға айналуы  біздің стратегиялық серіктестіктің жүйелі түрде дамып келе жатқанының айғағы. Қазақстан мен Иордания бизнес-форумында ауыл шаруашылығы, фармацевтика, цифрландыру және білім беру салалары стратегиялық серіктестіктің басты бағыттары ретінде аталды. Осының бәрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақылға негізделген сыртқы саясатының және ақпандағы Амман сапарынан кейінгі нақты қадамдардың жемісі деп санаймын.

- Қазақстан мен Иордания арасындағы бүгінгі келіссөздер тек екіжақты сауда мен инвестицияға ғана емес, сонымен қатар аймақтық тұрақтылық пен жаһандық қауіпсіздікке де ықпал етуі мүмкін. Осы сапардың геосаяси маңызы туралы пікіріңіз қандай?

- Бұл сапардың геосаяси маңызы өте жоғары. Қазақстан мен Иордания тек екіжақты экономикалық әріптестікті дамытып қана қоймай, бүкіл аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке үлес қосуда.

Ақпанда Король Абдалла ІІ мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Аммандағы кездесуі екі елдің аймақтық бейбітшілікке деген ортақ ұмтылысын бекіте түсті. Бүгінгі келіссөздер сол келісімдердің қисынды жалғасы болып табылады.

Қазақстан – Еуразиядағы, ал Иордания – Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен келісім саясатын ұстанатын мемлекеттер. Сондықтан екі елдің диалогы жаһандық деңгейде сенім құруға және көпжақты дипломатияны күшейтуге нақты үлес қосады.

- Король Абдалла II Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыс еткен «Аль-Нахда» орденін Қазақстан мен Иордания арасындағы достық пен серіктестіктің символы ретінде қалай бағалар едіңіз?

- Бұл марапат тек жеке тұлғаға берілген құрмет емес, ол Қазақстан мен Иордания арасындағы достық пен серіктестіктің жоғары деңгейдегі символы. Бұл қадам екі ел басшыларының арасындағы сенімнің тереңдігін көрсетіп қана қоймай, халықтар арасындағы бауырластық байланыстарды да бекемдейді. Әсіресе ақпандағы Амман сапарынан кейін біздің қарым-қатынасымыздың одан әрі нығайып, жаңа серпін алғанын ескерсек, бұл орден өзара сыйластық пен стратегиялық әріптестіктің жарқын айғағы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар