Қазақстан мен Вьетнам тауар айналымын екі есеге арттыруды көздейді

Самал Асқар 03 ақп. 2026 13:13

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері Үкімет деңгейінде талқыланды, деп хабарлайды Dala News.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Вьетнам Социалистік Республикасы Премьер-министрінің тұрақты орынбасары Нгуен Хоа Биньмен кездесті. Тараптар соңғы 30 жылдан астам уақытта екі ел арасындағы саяси диалогтың тұрақты дамып келе жатқанын және үкіметаралық, парламенттік байланыстардың нығайғанын атап өтті.

Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан мен Вьетнам басшылары сауда, инвестиция, көлік және логистика, агроөнеркәсіп кешені мен ақпараттық технологиялар салаларында ынтымақтастықты тереңдету жөнінде нақты бағыт айқындаған. Қазақстан 2026 жылға дейін өзара тауар айналымын екі есеге ұлғайтуды мақсат етіп отыр және биылғы жылдың ортасында Вьетнамға сауда-экономикалық миссия жіберуге дайын.

Кездесу барысында Қазақстанның Вьетнамға сегіз жылдық үзілістен кейін алғаш рет 15 мың тоннадан астам бидай экспорттағаны айтылды. 2025 жылы мультимодальды логистика арқылы контейнерлерді қайта тиеусіз алғашқы тікелей жеткізілімдер іске қосылып, бұл тасымал мерзімі мен шығындарын қысқартуға мүмкіндік берген. Аталған тәжірибе Қазақстанды Оңтүстік-Шығыс Азия елдері үшін сенімді азық-түлік жеткізуші ретінде танытуға жол ашады.

Сонымен қатар экспорттық әлеуетті ұн, ет және сүт өнімдері, сондай-ақ майлы дақылдар есебінен кеңейту мүмкіндігі талқыланды. Осы орайда қазақстандық тарап ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді жеделдетіп, оны ауыл шаруашылығы жөніндегі кіші комитеттің екінші отырысында қол қоюды ұсынды.

Инвестициялық бағытта да ілгерілеу бар. Қазақстанда вьетнамдық капиталдың қатысуымен бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Алматы облысындағы Ak Bulak Village туристік кешені мен Қонаев қаласындағы «Арна» индустриялық аймағында 90 млн доллар көлеміндегі инвестициямен салынатын азық-түлік өндірісі зауыты бар.

Тараптар сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның маңызын атап өтіп, оның келесі отырысын маусым–шілде айларында өткізу мүмкіндігін қарастырды. Сондай-ақ биыл Қазақстан–Вьетнам іскерлік кеңесін құру туралы меморандумға қол қою ұсынылды.

Кездесу қорытындысы бойынша вьетнамдық тарап іскерлік кеңес құру бастамасын қолдап, екі ел арасындағы сауда көлемін одан әрі арттыруға айтарлықтай әлеует бар екенін мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove