Қазақстан мен Ресей шекарасындағы көлік кептелісіне жол жөндеу жұмыстарының қатысы жоқ - ҚазАвтоЖол

Кәмшат Тілеухан 04 мау. 2025 10:22

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ "Ақтөбе – Мәртөк – РФ шекарасы (Орынборға)" тас жолының учаскесінде орын алған жағдайға қатысты ресми ақпарат таратты. Бұған дейін кейбір БАҚ-та "Жайсан" өткізу пунктінде жол-құрылыс жұмыстарына байланысты ауыр жүк көліктерінің кептелісі пайда болғаны айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ақтөбе – Мәртөк – РФ шекарасы (Орынборға)" тас жолының жалпы ұзындығы 92 шақырымды құрайды. 2025 жылғы 22 мамырдан бастап аталмыш жолдың 54-84 және 95-99 шақырым аралығындағы учаскелерінде (жалпы 34 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары басталды. 2025 жылғы 3 маусымдағы жағдай бойынша 3,5 шақырымда төменгі қабат асфальтбетон жабыны төселді. Атап өту керек, жөндеу жұмыстары басталғалы бері (13 күн бойы) жол-құрылыс жұмыстарына байланысты бұл учаскеде көлік кептелісі тіркелмеген. Бекітілген ордерге сәйкес жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеде және 96-98 шақырымдағы айналма жолда қозғалыс штаттық режимде жүргізіліп жатыр. Қозғалысқа кедергі жоқ", делінген ұлттық тасымал оператор түсініктемесінде.

"Жайсан" өткізу пунктінің алдында 1 шақырымды қамтитын екі қабат жол салу жұмыстары ғана қалғаны да нақтыланады.

"Бұл ретте көлік қозғалысы кептеліс тудырмайтындай түрде жүзеге асырылуда. Осылайша, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары шекарада көліктердің жиналуына немесе кептелістің пайда болуына себеп емес", делінген ресми хабарламада.

Яғни, ұлттық компанияның айтуынша, шекарадағы көлік кептілесіне жол жөндеу жұмыстарының еш қатысы жоқ көрінеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар