Қазақстан мен Қытай: өзгерістер дәуіріндегі стратегиялық әріптестіктің 7 бағыты – сарапшы

Кәмшат Тілеухан 16 мау. 2025 16:18

"Бүгін, 16 маусымда Астанада ҚХР басшысы Си Цзиньпиннің қатысуымен Орталық Азия елдері көшбасшыларының кездесуі басталады. Бұл келіссөздер әлемдік геосаяси жағдай кез келген уақытта күтпеген жерден өзгеріп сала беретіндей кезеңде өтуде.  Еуропа жаңа тепе-теңдік моделін іздеуде. Таяу Шығыс қалшылдап тұр. Ресей - Украинадағы соғысқа байланысты терең ішкі трансформация кезеңінде. Мұндай жағдайда Қазақстанның тұрақтылығы мен ашықтығы тек бәсекеге қабілетті артықшылыққа айналып қана қоймай, стратегиялық актив түрін қабылдауда".  Осылай деген экономикалық сарапшы Расул Рысмамбетов Қазақстан мен Қытайдың өзгерістер дәуіріндегі стратегиялық әріптестігінің 7 бағытын атап көрсетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экономист Қазақстанның Орталық Азияның ірі экономикасы ретінде өңірлік ынтымақтастықтың қатысушысы ғана емес, оның сәулетшісі болу мүмкіндігіне де ие екенін айтады.

"Біз Шығыс пен Батысты бір-біріне қарсы қоймаймыз, біз өзгені ажыратушы қабырғалар салмаймыз, керісінше біріктіретін дәліздер құрамыз. Осындай дәліздердің бірі - Қытаймен терең, теңдестірілген, прагматикалық серіктестік. Бүгінгі таңда біздің ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге көтерілуде, оның Қазақстанға нақты пайда әкелетін кем дегенде 7 бағыты бар (шын мәнінде олардың саны одан көп)", - дейді Расул Рысмамбетов.

Атап айтқанда:

Біріншісі - жаңа буындағы инфрақұрылымдық инвестициялар.

Темір жолдарды, логистикалық хабтарды, кедендік және цифрлық платформаларды интеграциялай отырып, "ақылды" шекаралық аймақтарды (Қорғас) дамыту. Бұл қазірдің өзінде Қазақстанның Қытай, Кавказ және Еуропа арасындағы негізгі транзиттік торап ретіндегі ұстанымын күшейтеді. Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және Транс-Каспиймен арадағы шекаралас сауда орталықтары жайын да ұмытпаған жөн.

Екіншісі - су және климаттық жобалардағы ынтымақтастық. Бізге трансшекаралық өзендерді басқару (Іле, Ертіс), суару жүйелерін құру және оңтүстік өңірлерде мелиорацияны жаңғырту бойынша бірлескен бағдарламаларды іске қосу қажет. Бұл арада бізге қытайлықтар тамшылатып суару және шөлейттер санын қысқарту тәжірибесімен көмекке келе алады.

Қытай және біз үшін Қазақстанда өндірістік тізбектерді құру маңызды болып табылады. Бұл - үшіншісі. Қытай өндірістерінің бір бөлігін Қазақстан территориясына көшіру: авто бөлшектерден бастап агро өңдеу саласына дейін. Бұл жұмыс орындары мен технологиялық базаны құруға мүмкіндік береді. Ең бастысы – экология жайын жадыдан шығармау.

Төртіншісі, жасыл энергетика және сирек кездесетін жер асты элементтері. Қытай күн батареялары, аккумуляторлар, сирек кездесетін жер асты металдарын қайта өңдеу технологиялары бойынша әлемдік көшбасшы болып табылады. Қазақстан шикізатты жеткізуші сенімді серіктес бола алады, сонымен бірге өзіндік құн тізбегін біртіндеп арттыра отырып, қайта өңдеу жағын дамыта алады.

Бесіншіден, бұл қаржылық серіктестік және ұлттық валюталармен өзара есеп айырысу. ШЫҰ-ның жаңа Даму банкінің іске қосылуымен және юаньның өңірлік валюта ретінде күш алуымен Қазақстан ЕАЭО және ОА аумағында есеп айырысу, қорландыру және ислам банкингі үшін хаб бола алады. Немесе валюта қоржынына байланған аймақтық цифрлық активтерді біртіндеп іске қосуымызға да болады.

Білім мен технология - алтыншы тармақ. ЖОО-ның бірлескен кампустары, АИ, биотехнология, жасыл құрылыс саласындағы зерттеу орталықтары. Қазақстан посткеңестік нарықтарға бейімделе отырып, Қытай технологияларын енгізуде сынақ алаңына айналуы мүмкін. ҚазҰУ қазірдің өзінде Шыңжаң зерттеу университетінен грант алып үлгерді және біздің зерттеушілер үшін тамаша нәтижелер байқалады.

Жетіншісі,  туризм, медицина, мәдениеттермен алмасу. Медициналық туризмді дамыту (санаторийлер, check-up орталықтары), Батыс Қытайға қатынайтын тікелей рейстер, "Жібек жолы" және гастрономиялық туризм бағыттарын ілгерілету.

Бұдан Қазақстанға келетін пайда:

  • жаңа жұмыс орындары мен инвестициялар,
  • шикізатқа жатпайтын экспорттың өсімі және терең өңдеу, технологиялық трансфер және цифрлық инфрақұрылым,
  • Қытай мен сыртқы әлем арасындағы хаб ретінде елдің мәртебесін бекіту,
  • Ресейдің оңтүстігінде, Кавказ бен Таяу Шығыстағы позицияларды нығайту.

"Маңдайымызға бақырайтып тұрып былай деп жазып алуымыз керек: "Біз бұл ынтымақтастыққа тәуелділік ретінде емес, жаңа әлемде тұрақтылықтың буынына айналу мүмкіндігі ретінде қарауымыз керек. Қазақстан қазірдің өзінде Қытайдың Орталық Азияға кіретін қақпасы болып табылады, бірақ біздің Еуропа мен Таяу Шығысқа шыға отырып, бүкіл еуразиялық кеңістіктегі әріптестік архитектурасының орталығына айналуымыз да мүмкін және солай болуы да тиіс. Бұл ұлы державалармен жұмыста ең бастысы - өз осін жоғалтып алмау. Қазақстан Қытайдың батыс тірегіне де, Батыстың шығыс тірегіне де айналмауы тиіс. Қазіргі барлығы кімге сүйенетінін білмей, жанталасқан әлемде Қазақстанның осындай сирек кездесетін мүмкіндігі бар. Сын есім емес, зат есім. Буфер емес, құрастыру нүктесі. Ал бұл қарудың емес, ақыл-ойдың күшін, стратегияны және алдын ала жасалған ұзақмерзімді көзқарасты қажет етеді", - дейді ол.

Айта кетсек, бүгіндері Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапармен Қазақстанда жүргені белгілі


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар