Қазақстанда жасанды интеллект жұмыс іздеу процесіне енгізіле бастады. Енді Enbek.kz платформасы азаматтардың дағдылары мен тәжірибесіне сәйкес бос жұмыс орындарын автоматты түрде ұсынады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумда еңбек министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жасанды интеллект негізіндегі жүйе қазірдің өзінде 600 мың жұмыссыз азаматты қамтып отыр. Ал платформа арқылы ұсынылған бос жұмыс орындарының саны 50 мыңнан асқан.
"Жүйе азаматтың білімі, тәжірибесі мен дағдыларын талдап, оған сәйкес келетін жұмыс орындарын бірнеше секунд ішінде іріктеп береді" – деді Ертаев.
Оның сөзінше, цифрлық технологияларды енгізу еңбек нарығындағы жұмысты жеңілдетіп, азаматтарға лайық вакансияны жылдам табуға мүмкіндік береді.