Сот отырысында марқұмдардың туысы Әдемі Шылмағамбетова жауап берді. Оның айтуынша, Наурыз Мұқанғалиевке тиесілі мал сатыла бастағаннан кейін олар күдіктене бастаған, деп dalanews.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әйелдің сөзінше, ол Наурызбен ұялы байланыс арқылы хабарласа алмаған. Телефоны өшірулі болған. Алайда WhatsApp арқылы хабарламалар келіп тұрған.
Әдемі Шылмағамбетованың айтуынша, өткен жылдың қараша айынан бастап Сұлтан Сәрсемәлиев өзін Наурыз ретінде таныстырып, туыстарына хат жазған. Ол хабарламаларда енесі Нәсіп Өтешқалиеваның (Наурыз Мұқанғалиевтің анасы – ред.) аяғы ауырып, оны емдету үшін Ташкентке апарып жатқанын айтқан. Сондай-ақ емге ақша керек болғандықтан, отбасының үй малын сата бастағаны түсіндірілген.
Адвокаттың сұрақтарына жауап берген Әдемі Шылмағамбетова Ақбаян Мұқанғалиеваның күйеуінен таяқ жегенін оған ешқашан айтпағанын жеткізді.
"Мен одан: "Ойланып көр, неге кетіп бара жатырсың, бесінші балаңа жүкті емессің бе?" деп сұрадым. Ол Сұлтанның басқа әйелмен төсекте жатқан суретін жібергеннен кейін ажырасуға шешім қабылдағанын айтты", – деді ол сотта.
Сондай-ақ марқұмдардың туысы айыпталушының Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі абайсызда болды деген нұсқасымен келіспейтінін мәлімдеді.
Оның сөзінше, Наурыз "өзі жанжал шығаратын адам болмаған".
Әдемі Шылмағамбетова алдын ала тыңдауда Сәрсемәлиев айтқан мәлімдемеге де пікір білдірді. Бұған дейін айыпталушы қылмысқа Ақбаянның туыстары олардың қарым-қатынасына араласқаны себеп болды деген уәж айтқан.
"Бұл тұтас бір отбасын жоюға себеп бола ала ма?" – деді ол сот залында.
Бұған дейін Сәрсемәлиев Мақсот Қарабалинге 9 рет, Нәсіп Өтешқалиеваға 8 рет, ал Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ сұққанын мойындаған. Алайда Наурыз Мұқанғалиевтің өлімін қасақана жасалмаған әрекет деп атаған.