Қазақстан мен Қытай байланысы: Саясаттанушы Әбішев қос елдің стратегиялық әріптестігіне баға берді

Қаракөз Амантай 17 мау. 2025 11:49

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікке қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, екі елдің өзара ықпалдастығы тең құқықты әріптестік пен стратегиялық салқынқанды есепке негізделген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Халықаралық сарапшылардың пікірінше, XXI ғасырда әлемдік экономиканың орталығы біртіндеп Солтүстік Атлантикадан Оңтүстік Қытай теңізі маңына ойысып келеді. Бұл жерде Вьетнам, Малайзия, Индонезия, Сингапур бар, таяқ тастам жерде Үндістан, Оңтүстік Корея, Жапония, Аустралия орналасқан. Ал басты рөлді Қытай атқарып отыр. Ол тек өңірлік емес, жаһандық экономикалық үдерістердің де қозғаушы күші саналады.

“Бүгінде бүкіл әлем үшін Бейжіңмен конструктивті қатынас орнату басты басымдыққа айналды. Бұл бағытта Қазақстан айтарлықтай табысқа қол жеткізді. “Қазақ-қытай өзара ықпалдастығы бұрын-соңды болмаған қарқынмен, жан-жақты және мәңгілік стратегиялық әріптестік рухында дамып келеді”, – деді Президент Тоқаев Астанада ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуде.”, — дейді Әбішев.

Саясаттанушының пікірінше, Қытай қазіргі таңда тек өңірлік емес, сонымен қатар жаһандық экономикалық процестердің басты драйверіне айналған.

“Анығында, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты ерекше екенін көп адам түсіне бермейді. ҚХР, сабырын жоғалтпай, АҚШ, Еуропалық Одақ және басқа елдермен қатынасында қатаң әрі бірізді саясат ұстанып келеді. Индустрияландырудың және жаңа экономикалық секторлардың қарқынды дамуы Қытайға жоғары деңгейдегі экономикалық дербестік пен жаһандық ықпал береді. Қазірдің өзінде көптеген мәселе бойынша Қытай үкіметімен “ойын ойнау” мүмкін емес – оған әлемнің көптеген нүктесінде алаңдайды, соған қарап бой түзейді”, — дейді ол.

Сарапшының мәліметінше, бұл - Қазақстанның көпвекторлы, ұтымды әрі прагматикалық сыртқы саясатының нәтижесі.

“Осындай жағдайда Қазақстан Бейжіңнің салқынқанды прагматизмін ескере отырып, Қытайдың ерекше ықыласына ие болып отыр. Екі елдің қарым-қатынасы өзара егемендікті құрметтеуге, ішкі істерге араласпауға және халықаралық аренада бір-бірін қолдауға негізделген”, — деп қосты ол.

Саясаттанушы бұл пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та растағанын атап өтті. 

“Астанада ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу барысында ол:

“Қытай Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуда ешқашан қандай да бір саяси шарт қойған емес. Біз Сіздің еліміздің егемендігін және қауіпсіздік кепілдігін тұрақты түрде қолдап келе жатқаныңызды жоғары бағалаймыз. Біз Қытайдың бейбіт бастамаларын қолдаймыз және әділетті әлемдік тәртіп орнатудағы Сіздің еліңіздің рөлін жоғары бағалаймыз”, – деп атап өтті Мемлекет басшысы”, — дейді саясаттанушы.

Ғазиз Әбішевтің айтуынша, Қазақстан үшін бұл жағдай – тарихи мүмкіндік.

“Мұның барлығы Қазақстанның көпвекторлы саясаты аясында көрші елдердің стратегиялық мүдделерін мұқият ескеріп, сол мүдделерге нұқсан келтірмей шешім қабылдай білуінің нәтижесі.

Қазақстан үшін әлемдік экономикалық орталықтың жылжуы – Еуропаның шығыс шетінде орналасқан елден Азияның батыс шетіне айналу дегенді білдіреді. Мұндай жағдайда шеткері аймақ болумен шектелмей, өңірлік экономикалық дамуға белсенді түрде қатысу аса маңызды. Ол үшін ірі экономикалық жобаларға араласып, Қытай мен басқа елдердің инвестицияларын тартып, Қазақстанды жаһандық өндірістік және сауда тізбектеріне енгізу қажет. Мұның бәрінен мол пайда табуға болады – егер барлығы салқынқанды есеппен, фобиясыз, немқұрайлықсыз, табандылықпен атқарылса”, — деді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасында бірлесіп жұмыс істеуге болатын көптеген бағыт бар.

“Азиядан Еуропаға жерүсті транзиті, атом электр станциясы жобасын пысықтау, баламалы энергетика, білім мен ғылым, ауыл шаруашылығы – Қазақстан мен Қытайдың бірлесе дамуына мүмкіндік беретін салалар жетерлік. Ең бастысы – осы мүмкіндіктерді мүлт жіберіп алмай, шын мәнінде жармасып, барынша пайдалану керек”, — деп түйіндеді ол.

Еске салайық, күні кеше Астанаға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин сапармен келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны әуежайдан қарсы алып, еліміздегі жоғары деңгейдегі құрмет көрсетілді. Ел шекарасынан бастап елордаға дейін Қытай көшбасшысының бортын Қазақстан Әуе қорғаныс күштерінің ұшақтары сүйемелдеді. Трапта құрмет қарауылы сап түзеді, ал мәртебелі мейманға Қазақстан мен Қытайдың туларын ұстаған жеткіншектер қошемет көрсетті.

Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.

"Екі ел делегациясының мүшелері энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын құжаттармен алмасты", - деп жазылған Ақорда таратқан хабарламада.

Олардың ішінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар