Қазақстан мен Германия 54,2 млрд долларлық 44 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр

Қазақстан мен Германия 54,2 млрд долларлық 44 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр
Фото: ЖИ

Қазақстан мен Германия жалпы құны 54,2 млрд доллар болатын 44 жобаны қамтитын инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Берлинде өткен Қазақстан–Германия бизнес-форумында тараптар 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасына қол қойып, өнеркәсіп, технология және шикізатты өңдеу салаларында жаңа жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құжаттар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары аясында рәсімделді. Форумға екі елдің мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері қатысты.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, Германия Қазақстан экономикасының маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі саналады. 2005 жылдан бері неміс компаниялары елімізге 8 млрд доллардан астам тікелей инвестиция салған. Оның 90 пайызға жуығы өңдеу өнеркәсібіне бағытталған.

Қазір Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 1100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Екі елдің бірлескен инвестициялық портфелінде жалпы құны 54,2 млрд доллар болатын 44 жоба бар.

"Қазақстан неміс бизнесімен тығыз әрі сенімді серіктестік орнатуға дайын. Озық технологияларымызды, инвестиция мен ресурстарды біріктіру арқылы екі елдің экономикасына тиімді, орнықты өнеркәсіптік ынтымақтастық қалыптастыра аламыз", – деді Ерсайын Нағаспаев.

Форум аясында қазақстандық министр Германияның экономика және энергетика федералдық министрі Катерина Райхемен келіссөз өткізді. Тараптар минералдық-шикізат қорларын игеру, технология трансфері және шикізатты терең өңдеу мәселелерін талқылады.

Кездесудің негізгі нәтижесі – Қазақстан мен Германияның 2026–2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік, технологиялық және шикізат салаларындағы ынтымақтастығын дамыту жөніндегі Жол картасының қабылдануы болды. Құжат алдағы үш жылда ортақ жобаларды әзірлеп, екіжақты байланысты кеңейтуді көздейді.

Сонымен қатар Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі WILO Central Asia компаниясымен сорғы жүйелерін елімізде өндіруге қатысты меморандум жасасты. Ал Deutsche Bahn AG компаниясымен теміржол машина жасау саласындағы әріптестік туралы келісімге қол қойылды.

Жаңа уағдаластықтар өндірісті жергіліктендіру, технология алмасу, шикізатты өңдеу және теміржол саласына қажетті техниканы шығару бағыттарын қамтиды. Енді тараптар келісілген жобаларды үш жылдық жоспар аясында жүзеге асыруға кіріспек.