Қазақстан мектептерінде жасанды интеллект технологияларын оқытуға бағытталған жаңа пәндер енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес, 1-4 сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгереді.
Оқу бағдарламаларына жасанды интеллектке қатысты бөлімдер енгізіліп, 43 жаңа оқу мақсаты қосылды. Бастауыш сынып оқушылары цифрлық қауіпсіздік пен интернеттегі жауапты мінез-құлық негіздерін меңгерсе, орта буын оқушылары жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану мен киберқауіпсіздік талаптарын үйренеді.
Ал жоғары сыныптарда машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері оқытылады.
Министрліктің мәліметінше, бұл өзгерістер технологиялардың қарқынды дамуына және еңбек нарығындағы жаңа талаптарға байланысты енгізіліп отыр.