Қазақстанда су көп қажет ететін дақылдардың орнына әлеуметтік маңызы бар әрі табысты өнімдерге назар аударылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Президенттің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі еселеу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін әзірленген Жол картасы аясында егіс алқаптарын әртараптандыру шаралары күшейтіліп жатыр.
2025 жылы елдегі жалпы егіс көлемі 322,8 мың гектарға артып, 23,6 млн гектарға жетті (2024 жылы – 23,3 млн га). Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың көлемі 630 мың гектарға қысқарып, 16 млн гектарды құрады. Ал бидай алқабы 884,6 мың гектарға азайып, 12,3 млн гектар болды.
Бос қалған жерлер жоғары табысты дақылдарға бөлінді. Күнбағыс алқабы рекордтық көрсеткішке жетіп, 1,8 млн гектарға ұлғайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 481,5 мың гектарға көп. Картоп егістігі де ұлғайып, 9,3 мың гектарға өсіп, 131,2 мың гектарға жетті. Оның ішінде ірі шаруашылықтардағы көлем 12,5 мың гектарға артып, 84,5 мың гектарды құрады.
Сонымен қатар су көп қажет ететін дақылдардың көлемі қысқартылуда. 2025 жылы мақта 144,5 мың гектарға егілді, оның 50 мың гектары тамшылатып суару әдісімен. Қызылорда облысында күріш егістігі 85,6 мың гектардан 80,9 мың гектарға азайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағалауынша, егіс алқаптарын әртараптандыру ішкі азық-түлік теңгерімін нығайтып, жекелеген дақылдарға тәуелділікті азайтады. Бұл агроөнеркәсіп кешенінің тұрақтылығын арттырып, фермерлердің табысын көбейтуге ықпал етеді. Жер ресурстарын тиімді пайдалану – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі болуы тиіс.