Қазақстан COP29: Нұрлан Байбазаров еліміздің су саласында реформа жүріп жатқанын айтты

Кәмшат Тілеухан 14 қар. 2024 10:07 599

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Байбазаров Бакуде өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі – COP29 конференциясына қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Нұрлан Байбазаров "ИДБ-ға қатысушы елдерде климаттық өзгерістерге төзімді су инвестицияларын қаржыландыруды ашу" атты жоғары деңгейлі сессияда сөйлеген сөзінде су саласының өзекті мәселелеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ Қазақстанның тәжірибесімен бөлісіп, қазіргі сын-қатерлерді шешу жөніндегі жоспарлар мен су ресурстарын тұрақты басқарудың стратегиялық инвестициялары туралы айтты.

"Еліміздің су саласын реформалау және трансформациялау үшін жаңа ведомство яғни, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Жаңа Су кодексі әзірленіп, Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы мен Су саласын дамытудың кешенді жоспары бекітілді", деп хабарлады іс-шараға қатысушыларға вице-премьер.

Оның айтуынша, орта мерзімді кезеңде Қазақстан 20 жаңа су қоймасын салу әрі кемінде 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 3500 шақырым каналды жөндеу мен цифрландыру міндетін қойды.

Қазақстан Үкіметі еліміздің барлық өңірлерінде, оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдары мен қаржы институттарын тарта отырып, су инфрақұрылымын салу мен жаңғырту бойынша белсенді жұмыс жүргізе бастады.

Сонымен қатар, Байбазаров Ислам даму банкі (ИДБ) Қазақстанның су шаруашылығы саласына 1,1 млрд доллар инвестиция құятынын атап өтті. Бірінші кезеңде ИДБ бөлетін қаражатты 8 су қоймасын салу мен реконструкциялауға әрі 115 каналды күрделі жөндеуге бағыттау жоспарлануда.

Айта кетсек, бұған дейін Ислам даму банкі Қазақстанның су саласына 1,15 млрд инвестиция салатынын, одан бөлек аталған бағытқа шетелдік банк 3,5 млн доллар өтеусіз грант бөлетінін жазған болатынбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар