2025 жылы прокурорлар мемлекет мүддесін қорғау аясында 1 триллион теңгеден астам қаражаттың бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы бас прокурор Берік Асылов X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның мәліметінше, мемлекеттік қаражатты жұмсау, мемлекеттік сатып алу, табиғатты қорғау және жер қойнауын пайдалану, жерді ұтымды пайдалану салаларында 470 млрд теңгеге жуық ақша мен мүлік мемлекет пайдасына өндіріп алынған.
Бас прокуратура Қаржы және Әділет министрліктерімен бірлесіп, мемлекеттік мүлікті басқарудың заңдылығын тексеру барысында үш жылдан астам уақыт бойы бюджетке аударылмай, есепшоттарда «қатып» тұрған 193 млрд теңге дивидендті өндіруге қол жеткізген.
Сондай-ақ бас прокурордың дерегінше, мемлекет меншігіне Алатау бөктеріндегі, Каспий жағалауындағы, Бурабай ұлттық паркіндегі және ауыл шаруашылығы мақсатындағы, соның ішінде қоғамдық жайылымдар ретінде пайдаланылуы тиіс 800 мың гектар жер қайтарылған. Бұл алқаптар жылдар бойы мақсатсыз пайдаланылған.
«Соның нәтижесінде бірқатар өңірлерде жайылым тапшылығы мәселесі іс жүзінде шешілді – прокурорлар ауыл тұрғындарының барлығына жайылымға қолжетімділікті қамтамасыз етті. Президент бекіткен ішкі саясат қағидаттары мен “Таза Қазақстан” тұжырымдамасы аясында табиғат пайдаланушылар келтірген **25 млрд теңге экологиялық залал өтелді», – деді Берік Асылов.
Цифрлық технологиялар, ғарыштық мониторинг және жасанды интеллект элементтерін пайдалану арқылы прокурорлар экологтармен бірге 3,8 мыңнан астам заңсыз қоқыс орнын жойған. Прокурорлық қадағалау актілері негізінде құрылыс салушылар 300 мыңнан астам жаңа жасыл желек отырғызған.
«Президенттің мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру туралы жарлығын орындау аясында прокурорлар жергілікті атқарушы органдардың шығыстарын оңтайландырып, 255 млрд теңге көлеміндегі артық әрі негізсіз шығындардың алдын алды. Бұл тұтас бір өңірдің жылдық бюджетіне пара-пар. Мысалы, Павлодар мен Атырауда жергілікті билік арнайы техниканы және пәтерлерді нарықтағы бағасынан үш есе қымбатқа сатып алмақ болған. Прокурорлар бұл сатып алуларды тоқтатып, қаражатты әлеуметтік қажеттер мен инфрақұрылымды жақсартуға бағыттады», – деді бас прокурор.
Прокурорлардың өтініштері мен наразылықтары бойынша 300-ден астам азаматтық және әкімшілік іс қайта қаралып, оның ішінде 22 млрд теңге мемлекет пайдасына өндірілген.
«Мысалы, менің наразылығым бойынша мемлекеттен екі жеке компанияның несиелік берешегіне байланысты 1,2 млрд теңге өндіріп алу туралы шешімнің күші жойылды. Ал керісінше, тағы бір наразылығымның нәтижесінде орындалмаған қару-жарақ жөндеу жұмыстары үшін 800 млн теңге мемлекеттік қорғаныс тапсырысына өндірілді», – деп нақтылады Берік Асылов.
Оның айтуынша, қоғам мен мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғаудағы прокурорлық қадағалаудың тиімділігі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу арқылы артып келеді.
