Кейінгі жылдары Қазақстаннан еңбек көші-қонының бағыты өзгеріп, жоғары білікті мамандардың бір бөлігі Еуропа мен Таяу Шығыс елдерінің орнына Өзбекстанды таңдай бастаған. Бұл үрдіс, әсіресе, тәжірибелі әрі қалыптасқан кәсіби мамандар арасында айқын байқалады.
Qazaq Expert Club сарапшысы, кадрлық даму саласының маманы Арман Шоқпаров Өзбекстанда жұмыс істейтін 60-тан астам қазақстандық арасында зерттеу жүргізген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, бұл қатарға жас мамандар емес, 30–45 жас аралығындағы, еңбек өтілі 10–20 жылдан асатын кәсіби кадрлар кіреді.
"Бұл – өз саласында қалыптасқан, тәжірибесі мол мамандар. Олар негізінен қаржы секторы, ІТ, телеком және халықаралық консалтинг салаларында еңбек етеді", - дейді Арман Шоқпаров.
Сарапшының сөзінше, мұндай мамандар көбіне жұмысты өздері іздемейді. Керісінше, оларды өзбекстандық жұмыс берушілер арнайы шақырады немесе халықаралық компаниялар ішіндегі ауысым арқылы қызметке тартады. Яғни, білікті кадрларға сұраныс жоғары.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, релокацияның басты себептерінің бірі – қаржылай мүмкіндік. Мамандардың жалақысы орта есеппен 50–100 пайызөссе, кейбірінің табысы екі еседен де жоғары.
Арман Шоқпаровтың айтуынша, мотивация тек табысқа байланысты емес.
"Көпшілігі үшін кәсіби өсу, ірі жобаларға қатысу және халықаралық тәжірибе жинау маңызды", – деп атап өтті ол.
Алайда сарапшы бастапқы күтілімдердің уақыт өте келе өзгеретінін де жасырмайды. Оның пікірінше, респонденттер үшін басты шектеулердің бірі – бизнес-ортаның даму деңгейі.
"Қазақстан цифрландыру мен корпоративтік стандарттарды енгізу кезеңінен 8–10 жыл бұрын өткен. Сондықтан бізде басқару жүйесіне қойылатын талап жоғары. Ал Өзбекстанда бұл бағыт әлі қалыптасу үстінде", – дейді ол.
Соған қарамастан, сауалнамаға қатысқандардың тек үштен бірі ғана Қазақстанға оралуды жоспарлап отыр. Қалғандары Өзбекстанда ұзақ мерзімге қалуды немесе бұл тәжірибені өзге елдерге көшуге мүмкіндік ретінде қарастырады.
Сарапшы мұны ел үшін маңызды мәселе деп бағалайды. Оның сөзінше, бұл – уақытша емес, ұзақмерзімді адами капиталдың сыртқа кетуі.
"Басқаша айтқанда, жоғары білікті мамандар халықаралық еңбек нарығына бейімделіп, елге қайтуы қиындай түседі", - деп қосты ол.
Арман Шоқпаровтың пікірінше, кадрлардың сыртқа кетуі ішкі нарыққа да әсер етеді. Атап айтқанда, басқарушы буын әлсіреп, компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі төмендеуі мүмкін.
"Егер үрдіс өзгермесе, Қазақстан басқарушылық құзыреттер тапшылығына тап болып, сыртқы мамандарға тәуелділік артуы мүмкін", – деп ескертті.
