Абай облысында күтуші әйел 91 жастағы қарияға дөрекілік көрсеткен. Оқиға Семей қаласында болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Зейнеткердің немересі әлеуметтік желіде видео жариялап, күтуші әйелдің қарт кісіге құрметсіздік танытып, қорлағанын мәлімдеді.
Жарияланған бейнежазбадан кейін полиция тексеру жұмыстарын бастаған. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, күтуші әйел полиция бөліміне жеткізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы зерделенген.
"Тексеру нәтижесінде әйелдің әрекеттерінен Қазақстан заңнамасында көзделген балағаттау белгілері анықталды. Яғни, басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қасақана қорлау дерегі бойынша құқықтық баға берілетін болады", – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдары аталған істің бақылауда екенін және процессуалдық шешім заң талаптарына сәйкес қабылданатынын мәлімдеді.