Қазақстанның мал шаруашылығы саласында тұрақты өсім сақталып отыр. Елде ірі қара, қой, жылқы, түйе және құс саны артып, ет өндірісі де көбейген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ірі қара мал саны 9,8 миллион басқа жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 325,2 мың басқа көп. Қой саны 23,5 миллион басқа жетіп, бір жылда 363,1 мың басқа артқан. Сонымен қатар жылқы саны 5,1 миллион басқа (+339,8 мың), түйе саны 322 мың басқа (+7,5 мың), ал құс саны 48,2 миллион басқа (+291,5 мың) жеткен.
Мал басының көбеюі өндіріс көлемінің артуына да әсер еткен. Биылғы қаңтар-сәуір айларында барлық түрдегі ет өндірісі сойыс салмағымен есептегенде 338,2 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 мың тоннаға көп.
Атап айтқанда, сиыр еті өндірісі 112,9 мың тоннаға жетіп, 6,5 мың тоннаға өскен. Қой еті өндірісі 34,7 мың тоннаны құрап, 2,6 мың тоннаға артқан. Ал жылқы еті өндірісі 39,8 мың тонна болып, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 мың тоннаға көбейген.
Ведомство саланы одан әрі дамыту үшін жаңа қолдау тетіктері енгізіліп жатқанын мәлімдеді. Солардың бірі – жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға арналған «Жайлау» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы. Бағдарлама аясында мал өсірушілерге жайылым инфрақұрылымын дамыту үшін жылдық 6 пайызбен 10 жылға дейін несие беру қарастырылған.
Министрлік өндіріс көлемінің артуы ішкі нарықты негізгі мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге жеткілікті екенін атап өтті.
Сондай-ақ сәуір-мамыр айларында байқалған қой етінің қымбаттауына қатысты түсініктеме берілді. Ведомство мәліметінше, бағаның өсуі уақытша және маусымдық сипатта болған. Негізгі себеп – Құрбан айт мерекесі қарсаңында сұраныстың дәстүрлі түрде артуы.
Қазіргі уақытта Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, еліміз бойынша қой етінің орташа бағасы бір келісі үшін 4 209 теңгені құрайды. Сонымен қатар қой етінің сатып алу бағасы шамамен 200 теңгеге төмендегені тіркелген.
Осылайша, қой еті бағасының көтерілуі өнім тапшылығына байланысты емес. Өндіріс көлемінің өсуі мен мал басының көбеюі Қазақстанның мал шаруашылығы саласы тұрақты дамып жатқанын және ішкі нарықтағы ұсыныстың жеткілікті екенін көрсетеді.