Маңғыстау облыстық мәслихаты депутатының липосакциядан кейінгі өлімі: тексеріс қандай заңбұзушылықтарды анықтады

Маңғыстау облыстық мәслихаты депутатының липосакциядан кейінгі өлімі: тексеріс қандай заңбұзушылықтарды анықтады
ашық дереккөз

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов пластикалық операциядан кейін комаға түсіп, көз жұмған жекеменшік клиникада жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz Tengri health-ке сілтеме жасап. 

Тексеріс қандай кемшіліктерді анықтады?

Ведомство мәліметінше, пациент қайтыс болғаннан кейін клиникада көрсетілген медициналық көмектің сапасына жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

Тексеру нәтижесінде ұйымдастырушылық-тактикалық жұмыстарда, емдеу-диагностикалық шараларда және медициналық құжаттаманы жүргізуде кемшіліктер анықталған.

Белгілі болғандай, 2026 жылғы 4 сәуір күні сағат 13:35-те Ербол Айтуов жағдайының күрт нашарлауына байланысты жедел жәрдеммен Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының «қызыл аймағына» шұғыл жеткізілген. Бір айдан кейін, 2026 жылғы 5 мамырда ол жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Науқаста қант диабеті болған

Тексеру барысында Айтуовтың II типті қант диабетімен ауыратыны және диспансерлік есепте тұрғаны анықталған.

Департамент мәліметінше, бұл жағдай хирургтің пациентті операция алдында эндокринологқа қосымша тексерілуге жіберуіне негіз болуы тиіс еді. Мамандар қандағы қант деңгейін түзету үшін алдын ала дайындық қажет болғанын айтады.

«Операция алдында пациент эндокринологтың консультациясына жіберілмеген. Талдау барысында ер адам жоспарлы операция алдында тексеруден өткені анықталды, алайда операцияға дейінгі дайындықтың және тәуекелдерді бағалаудың кейбір кезеңдері қолданыстағы стандарттарға толық сәйкес орындалмаған», – деп хабарлады ведомство.

Жауапкершілік кімге жүктеледі?

Департамент өкілдері пациентті жоспарлы операцияға жіберу туралы шешім қабылдау жауапкершілігі осы клиниканың бас дәрігері қызметін де атқаратын пластикалық хирургке жүктелетінін атап өтті.

Сондай-ақ, қатар жүретін аурулары анықталғанына қарамастан, дәрігер қосымша тексерулер тағайындамаған және пациентті эндокринолог пен терапевтке жібермеген.

Ведомство зертханалық көрсеткіштердегі ауытқуларды ескере отырып, пациентті қосымша тексеруден өткізіп, анықталған мәселелерді түзету қажет болғанын мәлімдеді.

Клиникаға хаттама толтырылды

Тексеру қорытындысы бойынша медициналық орталыққа анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Сонымен қатар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 464-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл бап лицензиялау талаптары мен рұқсат беру рәсімдерін бұзуға қатысты.

Тексеру материалдары Маңғыстау облысының полициясы мен прокуратурасына жолданған. Енді құқық қорғау органдары медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға береді.

Клиника бұған дейін де тексерілген

Фармацевтикалық бақылау департаментінің мәліметінше, аталған медициналық орталықта бұған дейін де пациенттердің шағымдары негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Оның бірі 2023 жылы, екіншісі 2025 жылы өткен.

Сондай-ақ ведомство клиниканың лицензиясы бар екенін хабарлады.

«Медициналық орталық қызметін 2015 жылғы 31 шілдеде берілген лицензия негізінде жүзеге асырады. Лицензия аясында ересектерге стационарлық медициналық көмек көрсету, пластикалық хирургия, анестезиология және реаниматология қызметтерін көрсетуге рұқсаты бар», – деп мәлімдеді ведомство.

Еске салайық, Ақтаудағы жекеменшік клиникада жасалған пластикалық операциядан кейін Ербол Айтуовтың қайтыс болғаны туралы ақпарат 22 мамырда белгілі болған еді.