Қазақстан барлық көлік дәлізін қатар дамытуды көздейді

Қазақстан барлық көлік дәлізін қатар дамытуды көздейді
Ашық дереккөз.

Қазақстан халықаралық көлік бағыттарын бір-біріне қарсы қоймай, барлығын қатар дамытуға мүдделі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадтағы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуінде Орта дәліз бен TRIPP жобасын байланыстыруды ұсынып, Ресеймен «Солтүстік – Оңтүстік» бағытының да маңызын атап өтті. Бұл туралы саяси шолушы Ғазиз Әбішев өз арнасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан үшін Ресеймен ынтымақтастық аясындағы «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі өзекті болып қала береді. Бұл бағыт Қазақстанның Иранға және одан әрі басқа нарықтарға шығуына мүмкіндік беретін халықаралық логистикалық желінің бір бөлігі саналады.

Сонымен бірге Қазақстан Орта дәлізді дамытуға да басымдық беріп отыр. Тоқаев Әзербайжаннан Армения аумағы арқылы Түркияға қарай бағытталатын TRIPP жобасын Орта дәлізбен байланыстыру мүмкіндігін ұсынды.

Ғазиз Әбішев бұл мәлімдемені Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының көрінісі ретінде бағалайды. Оның пайымынша, қазіргі геосаяси жағдайға байланысты кейбір бағыттарға көбірек назар аударылғанымен, ұзақ мерзімді перспективада басқа көлік дәліздерінің де экономикалық маңызы сақталады.

Автор Қазақстанның Ресеймен ұзақ шекарасы мен қалыптасқан экономикалық байланыстарын да еске салады. Оның пікірінше, көрші елмен тату көршілік саясатын сақтау басқа бағыттарды дамытуға кедергі болмауы керек. Қазақстан бұған дейін Аралды құтқару жөніндегі халықаралық ұйымға Ресейді шақыруды ұсынғанымен, бұл бастама Орталық Азияның өзге елдері тарапынан қолдау таппаған.

Қазақстанның негізгі мақсаты – Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту. Бұл ретте «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағыты, Орта дәліз, TRIPP, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі, сондай-ақ Ауғанстан мен Пәкістан арқылы Үндістанға шығу бағыттары қарастырылады.

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Қазақстан үшін көлік дәліздерінің көбеюі логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтіп, халықаралық саудадан түсетін кірісті арттыруға жол ашады. Сондықтан елдің ұстанымы – бір бағытты таңдап, қалғанынан бас тарту емес, қолжетімді маршруттардың барлығын дамыту.