2026 жылдың басынан бері Қазақстанның банк секторының таза пайдасы 1,196 трлн теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға аз. Бұл туралы банк секторының қаржылық көрсеткіштері жөніндегі есепте айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банктердің активтерінің табыстылығы (ROA) 3,7%-ды құрады. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 3,8% болған. Ал меншікті капиталдың табыстылығы (ROE) 24,1%-ға дейін төмендеді. 1 маусымдағы көрсеткіш – 25,2%.
Банк активтері 74,2 трлн теңгеге жетті
2026 жылғы 1 шілдеде банк секторының жалпы активтері 74,2 трлн теңгені құрады. Екінші деңгейлі банктердің жоғары өтімді активтері 21,9 трлн теңгеге немесе барлық активтердің 29,6%-ына тең болды. Бұл банктердің өз міндеттемелерін толық көлемде орындауына мүмкіндік береді.
Экономикаға берілген несие көлемі өсті
Екінші деңгейлі банктердің экономикаға берген несие портфелі 41,9 трлн теңгеге жетті. Маусым айында бұл көрсеткіш 1,6%-ға, ал жыл басынан бері 4,3%-ға өсті. Өсім негізінен халыққа берілген несиелердің артуымен байланысты. Ұлттық валютадағы несиелер 1,2%-ға өсіп, 37,6 трлн теңгені құрады. Ал шетел валютасындағы несиелер көлемі 5,5%-ға артып, 4,3 трлн теңгеге жетті.
Тұтынушылық және ипотекалық несиелер көбейді
Халыққа берілген несие портфелі маусым айында 1,4%-ға өсіп, 25,8 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бергі өсім – 4,3%.
Оның ішінде:
- тұтынушылық несиелер 1,4%-ға өсіп, 17,3 трлн теңгеге жетті (жыл басынан бері – 3,9%);
- ипотекалық несиелер 1,8%-ға артып, 7,4 трлн теңгені құрады (жыл басынан бері – 7,2%).
Проблемалық несиелердің үлесі 4,1%
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша төлем мерзімі 90 күннен асқан проблемалық несиелердің (NPL90+) үлесі банк секторының жалпы несие портфелінің 4,1%-ын немесе 1,8 трлн теңгені құрады.
Сонымен қатар халыққа берілген несиелер портфеліндегі мерзімі өткен қарыздардың деңгейі 4,8%-ға дейін төмендеп, көлемі 1,2 трлн теңгені құрады. Ал бизнес субъектілеріне берілген несиелер бойынша NPL90+ көрсеткіші 3,8% немесе 604,2 млрд теңге болды.