Freedom Inside '26

Қазақстан балама транзиттік бағыттарды дамытатын ТРАСЕСА ұйымына жетекшілік етеді

Қазақстан балама транзиттік бағыттарды дамытатын ТРАСЕСА ұйымына жетекшілік етеді
Фото: ЖИ

Қазақстан ТРАСЕCA үкіметаралық комиссиясына төрағалықты қабылдады. Бұл — Еуропа, Кавказ және Азияны байланыстыратын халықаралық көлік дәлізін дамытуға бағытталған ұйым, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстанның Көлік министрлігі мәліметінше, Астанада XVIII ТРАСЕСА үкіметаралық комиссиясының жыл сайынғы отырысы өтіп жатыр. Жиынға ұйымға мүше елдердің делегациялары, тұрақты хатшылық өкілдері, бақылаушы мемлекеттер мен халықаралық серіктестер қатысуда.

Кездесу барысында халықаралық көлік дәліздерін дамыту, аймақтың транзиттік әлеуетін күшейту, жүк тасымалын цифрландыру және елдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланған.

Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстанның көлік министрі Нұрлан Сауранбаев халықаралық көлік байланыстарын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және тасымал тиімділігін арттыру Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі екенін айтты.

“Қазақстан ТРАСЕКА кеңістігінде қауіпсіз, тұрақты әрі бәсекеге қабілетті көлік бағыттарын дамытуға алдағы уақытта да белсенді қолдау көрсетеді”, — деді министр.

Күн тәртібінде транзиттік ынтымақтастықты күшейту, халықаралық логистикалық тізбектерді жетілдіру, бірқатар құжатқа қол қою және ұйымның бас хатшысын сайлау мәселелері де қаралған.

Министрлік мәліметінше, ТРАСЕКА — Еуропа мен Азия арасын байланыстыратын маңызды халықаралық көлік дәліздерінің бірі. Ұйымға Қазақстаннан бөлек Әзербайжан, Армения, Грузия, Түркия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина және басқа да елдер мүше.

Отырыс барысында Иран ресми түрде ұйымдағы төрағалықты Қазақстанға тапсырды. Ведомствоның пікірінше, бұл Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін кеңейтіп, Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын нығайтуға қосымша серпін береді.

ТРАСЕКА бағдарламасы 1993 жылы Еуроодақ бастамасымен құрылған. Жоба Қара теңіз, Кавказ және Каспий теңізі арқылы өтетін теміржол, автокөлік, теңіз және әуе бағыттарын дамытуға арналған. Сарапшылар бұл дәлізді дәстүрлі Транссібір бағытына балама халықаралық маршруттардың бірі ретінде бағалайды.