Қазақстан азаматтары жұмыс істеу үшін қай елге жиі барады - министрлік жауабы

Кәмшат Тілеухан 09 қаз. 2025 11:56

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев бүгін Сенат дәлізінде журналистер қойған сұраққа жауап бере отырып, қанша қазақстандықтың жұмыс істеу үшін шетелге кеткенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ертаев бүгінгі таңда шетелде барлығы 126 мың қазақстандық еңбек етіп жүргенін жеткізді. Атап айтқанда, оның ішінде:

  • 102 мыңы - Ресейде,
  • 15 мыңы – Оңтүстік Кореяда,
  • 2 мыңы - Ұлыбритания мен ЕО елдерінде.

"Бұл арада мынандай тағы бір мәселе бар. Біз барлық елдермен жұмыспен қамтуды реттеу туралы шарттарға отырмағанбыз. Ұлыбританиямен біз биыл осындай меморандум жасастық. Оңтүстік Кореямен арадағы келісім әлі қаралуда, екі жыл болды, осы елдегі саяси жағдайға байланысты кідірістер бар. Күзде қайта жанданады деп ойлаймыз, біз бұл келісімді соңына дейін жеткізуге тырысамыз, өйткені ондағы 15 мың азаматтың 11 мыңы заңсыз жұмыс істеп жүр. Бұл арада міндетті түрде нақты шаралар қабылдау қажет", - деді бірінші вице-министр.

Оның айтуынша, корей тарапы онда заңсыз жүрген азаматтарымызға қатысты шаралар қабылдауды талап етуде.

"Біз қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз өтінім беріп қойдық,  келесі тарап оны қарастыруда. Менің ойымша, жыл соңына дейін біз Оңтүстік Корея мен еңбек министрлігіндегі әріптестерімізбен бұл келісімді біржақты етіп қаламыз", - деп сөзін түйіндейді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар