Қазақстан автокомпоненттер өндірісі бойынша 10 жобаны іске асырмақ

Кәмшат Тілеухан 29 қаз. 2024 11:55 1612

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында республикада автокомпоненттер өндірісін бір жолға қою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, қазір автомобиль компоненттерін өндіру бойынша 10 жоба қолға алынған, олардың кейбіреулері іске қосылды.

"Нәтижесінде бұл импорттық жеткізілімдерге тәуелділіктің ішінара төмендеуі, өндірістік үдерістердің тұрақтылығы, шығарылатын өнім құнының төмендеуі, жұмыс орындарын ашу", — деп атап өтті Анар Мақашева.

Аталған мәліметтерге сәйкес, Қостанай және Алматы қалаларындағы өндірістік алаңдарда көлік құралдары мен автокомпоненттер өндірушілері арасында өнеркәсіптік кооперация жолға қойылған.

"Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру арқылы кластерлік әдісті қолдану ұсынылады. Яғни, егер Қазақстанда осындай компоненттің өндірісі құрылған болса, онда барлық автоөндірушілер осы жеткізушіден сатып алады. Бұл артық, қайталау өндіріске жол бермейді әрі осы саладағы көптеген жобаны дамытуға мүмкіндік береді", деп түсіндірді Анар Мақашева.

Айта кетсек, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі биыл Қазақстанда 82 мыңнан аса жеңіл көлік құрастырылып шығарылғанын айтқан еді. Сондай-ақ Қанат Шарлапаев Қазақстан жыл соңына дейін жүк вагондары өндірісі көлемін төрт есеге ұлғайтатынын жеткізген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар