Қазақстан 2027 жылдан бастап алғашқы геологиялық учаскелерді аукционға шығарады

Қазақстан 2027 жылдан бастап алғашқы геологиялық учаскелерді аукционға шығарады
gov.kz

Қазақстанда 2027 жылдан бастап Мемлекеттік геологиялық зерттеу бағдарламасы аясында зерттелген алғашқы перспективалы учаскелер инвесторларға аукцион арқылы ұсынылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында мәлім болды.

Биыл еліміздің 11 өңіріндегі 20 учаскеде 1:50 000 масштабтағы геологиялық түсірілім жұмыстары басталды. Зерттеу аумағының жалпы көлемі 100 мың шаршы шақырымнан асады. Оның ішінде Ұлытау облысында 7 учаске бойынша 36 мың шаршы шақырым аумақ кешенді геологиялық зерттеумен қамтылған.

Зерттеу барысында Жерді қашықтан зондтау деректері талданып, ұшқышсыз аэрогеофизикалық кешендер мен жоғары дәлдіктегі Ionic Leach геохимиялық әдісі қолданылып жатыр.

«Біздің басты міндетіміз – сапалы геологиялық ақпарат алу. Бұл геологиялық барлау ісіне инвестиция тартуға және өнеркәсіп салаларын дамытуға тікелей байланысты», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Бағдарлама аясында перспективалы учаскелер туралы ақпаратты біріктіретін жер қойнауының бірыңғай цифрлық кадастры да қалыптастырылуда. Әрбір учаскеге электрондық паспорт жасалады. Бұл геологиялық ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ұлытау облысында «Kazakhmys Barlau» ЖШС аэромагниттік түсірілім, аэрогамма-спектрометрия және аэрогравиметрия жүргізіп жатыр. Ал Ұлытау және Абай облыстарында жалпы 300-ге жуық ұңғыма бұрғыланған.

Сонымен қатар «Қазгеология» АҚ RTK-навигациясымен жабдықталған заманауи ұшқышсыз кешендерді пайдаланып, геологиялық зерттеулер жүргізуде.

Министр сондай-ақ геологиялық кластердегі жұмыстармен танысты. Мұнда кернді қабылдау және сақтау, зертханалық талдау, геофизикалық зерттеулер мен басқа да жұмыстарды біртұтас жүйеге біріктіру көзделген.

Іссапар қорытындысында министр зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, белгіленген көлемдер мен мерзімдерді сақтауды тапсырды.