"Қазақмыстағы" ұрлық әшкере болды

"Қазақмыстағы" ұрлық әшкере болды
ІІМ

ІІМ "Қазақмыс" нысандарындағы ұрлықты әшкереледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұлытау облысында былтырдан бері полиция "Қазақмыс корпорациясы" аумағынан ұрлық жасаған бірнеше қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Қабылданған шаралар нәтижесінде келтірілген шығынның 94,5%-ы өтелген. Жергілікті қылмыстық топтардың жетекшілігімен әрекет еткен қылмыстық топ мүшелері сотталған. Олар құрамында бағалы металдардың мөлшері жоғары кен қорытпаларын ұрлау схемасын ұйымдастырған.

Биылдың өзінде полицейлер төрт ұрлықты ашты. 7 мамырда Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, компания аумағынан жанармай ұрлауға байланысты заңсыз әрекеттің жолы кесілді.

"Жедел іс-шаралар барысында ұрлықты ұйымдастырды және кейін жанар-жағармай материалдарын сатумен айналысты деген күдікке ілінген адамдар ұсталды. Бір тоннадан аса жанармай, ірі көлемдегі қаражат, көлік, оқ-дәрілері бар қару және заңсыз схемаға пайдаланылған өзге де заттай дәлелдер тәркіленді. Тергеу барысында ұрлық арнайы техникаға жалған жанармай құю және құжаттарды қолдан жасау арқылы жүзеге асырылғаны анықталды. Сонымен қатар, күзет құрылымдарының кейбір қызметкерлері тарапынан көмек көрсету деректері де әшкереленді. Алдын ала мәлімет бойынша шығын аса ірі көлемде болуы мүмкін", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.