Қазақмыс өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жаңа моделін енгізеді

Қаракөз Амантай 30 нау. 2026 10:26

Жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына сөзсіз басымдық берілетін қауіпсіздікті басқарудың жаңа моделін қалыптастыру –стратегиялық сессияның негізгі тақырыбы болды. Бұл қағидат компанияның бүкіл өндірістік қызметінің басты бағдары ретінде белгіленді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Талқылау қорытындысы бойынша 2026-2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздікті трансформациялау стратегиясы бекітілді. Құжат өндірістік тәуекелдердің себебімен жүйелі жұмыс істеуді және барлық деңгейде қауіпсіздік мәдениетін дамытуды көздейді.

Стратегия нөлдік жарақаттану қағидатына негізделеді және өзара байланысты екі бағытты қамтиды: тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру және қауіпсіздік саласындағы көшбасшылықты дамыту.

Стратегияны іске асыру барысында компанияда Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі орталық комитет құрылады. Ол басым бағыттарды белгілеп, олардың орындалуын қадағалайды. Комитет отырысы тұрақты түрде, тоқсан сайын кем дегенде бір рет өткізіледі.

Сонымен қатар өндірістік активтер деңгейінде қауіпсіздік бойынша ай сайын комитет отырысы тәжірибесі енгізілуде. Ол тәуекелдерді жедел басқаруға және іс-шаралардың орындалуын қадағалауға бағытталады.

Компанияда 2026 жыл Қауіпсіздік жылы болып жарияланды. Осы кезеңде басқару жүйесін реттеуге, сенімді талдауды қалыптастыруға және тиімділіктің озық көрсеткіштерін енгізуге ерекше назар аударылады.

Стратегияны іс жүзінде жүзеге асыру тәуекелге бағдарланған тәсілдерді дамытуды, аса қауіпті тәуекелдерді бақылаудың бірыңғай стандартын енгізуді, барлық деңгейдегі басшылардың рөлін күшейтуді, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын барлық негізгі бизнес-үдерістерге, оның ішінде мердігер ұйымдармен өзара іс-қимылға интеграциялауды қамтиды.

Тәуекелдерді азайтудың маңызды факторы ретінде жабдықты жаңартуға және өндірістік активтердің сенімділігін арттыруға бағытталған инвестицияға ерекше мән беріледі.

Аса қауіпті тәуекелдерді бақылау бойынша іс-шараларды толық орындау басшылар үшін негізгі KPI болады. Бұл тәсіл оқыс оқиғаларға әрекет етуден олардың алдын алуға көшуге мүмкіндік береді.

Стратегияның ұзақ мерзімді мақсаты – жарақаттану деңгейін кезең-кезеңімен төмендету және өліммен аяқталатын оқиғалардың мүлде болмауына қол жеткізу.

Стратегияны іске асыру компанияның күнделікті қызметіне интеграцияланған қауіпсіздікті басқарудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove