Оқу орнының атауын өзгерту туралы шешімді «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры қабылдаған. ҚТЛ білім алушылары, ата-аналар қауымдастығы, лицей директорлары бұл шешімді бірауыздан қолдаған.
«Қор басшылығының (Қордың Құрылтайшылар кеңесі мен Қордың Ғылыми-әдістемелік кеңесі), ҚТЛ білім алушыларының ата-аналар қауымдастығы, лицей директорларының шешімімен ҚТЛ атауына «ребрендинг» жасау, яғни білім беру ұйымының қоғамдағы орны мен мәртебесін жайлы жайғастыру мақсатында атын ауыстыруды, және де оны Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орайластырып, атауын «Білім-инновация лицейі» деп өзгерту туралы бастама көтеріп отыр», - делінген KATEV қоры таратқан хабарламада.
Еске сала кетсек, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған аталған лицейлердің «діндар» Фетхулла Гүленге тікелей қатысы барын айтып, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа оларды жабуға кеңес берген болатын. Өз кезегінде елбасы аталған оқу орындарына ауқымды тексерулер жүргізетінін мәлімдеді.
Қазір «KATEV» ХҚҚ басқаруында 27 мемлекеттік қазақ-түрік лицейі бар.