Қазақ тілін қалай дамытуға болады? — Аймағамбетов жауап берді

Қаракөз Амантай 04 жел. 2024 13:40 337

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, заңда мемлекеттік тілдің дамуын қамтамасыз ету және оның қолданылу аясын кеңейту мәселелері қарастырылған.

“Қазақ тілін мәдени мұраның маңызды бөлігі ретінде сақтау керек. Бұл тілдің бұрмалануына жол бермейді және оның нормаларын болашақ ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді”, — дейді ол.

Оның сөзінше, заң жобасындағы өзгерістер мемлекеттік тілді жасанды интеллект арқылы дамытуға бағытталған.

“ChatGPT, “Алиса” сияқты жүйелердің қазақ тілінде тиімді жұмыс істеуі үшін біріздендірілген сөздік қоры, яғни тілдік ақпараттық жүйе қажет. Қазіргі цифрлық дәуірде қазақ тілінің де цифрлық сөздік қоры болуы тиіс. Оны жасау және баршаға қолжетімді ету жасанды интеллекттің қазақша сапалы сөйлеуіне мүмкіндік береді. Алайда жасанды интеллектті сөйлету тек сөздермен шектелмейді, ол күрделі процесс. Адам әр сөздің қолданылған орнына, дыбысталған ырғағына және мағынасына қарай түсініп, дұрыс мән береді. Ал жасанды интеллектте түйсік жоқ, сол себепті әр сөз алгоритм бойынша өңделеді”, — деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар ол заң жобасы қазақ тілін барлық салада — мектепте, жұмыста, құжаттарда және цифрлық ортада бір жүйеге келтіруге бағытталғанын жеткізді.

“Бұл мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетеді”, — деп қосты ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар