Еренғайып ОМАРОВ,
академик, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану
ғылымдары академиясының вице-президенті, Қайнар университетінің ректоры
Көп түрік енші алып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?
Мағжан
Қазақ халқының қалыптасуы туралы мәселенi тарих ғылымы көптен берi зерттеп келсе, қазақ өркениетiнiң даму проблемасы таяу уақытта ғана жолға қойылды. Қазақ халқының пайда болу процесi мен әлеуметтiк өзара байланыстары да бiршама жақсы зерттелген. Мемлекетте тұратындардың өздерiн «қазақ» деп атау себептерi ешқандай дау туғызбайды. Бұл мәселе «Қазақстан тарихы» атты көп томдық монографияда, осы проблемаға арналып 1998 жылы Қазақстан даму институты шығарған «Қазақтар» монографиясында, сондай-ақ «Қазақтар – Хазар қағанатының мұрагерлерi» мақаласында жан-жақты баяндалған. Қазақ өркениетiнiң қалыптасуы мен генезисi қазақ этносы мен мемлекеттiгiнiң қалыптасуымен тiкелей байланысты.
ӨРКЕНИЕТТІҢ БАСТАУЫ
Тарихи даму процесiнде қалыптасқан өркениеттер өзгермей қоймайды. Әсiресе жаһандану жағдайында олар iшкi қайшылықтарға, сыртқы ортаның сұрапыл әсерiне ұшырайды. Сондықтан күллi өркениеттер үшiн қайдағы бiр әмбебап циклды, iшкi динамикалық бiртұтас принциптерді орнықтыру әрекетi әлi күнге дейiн жетiстiкке жеткен емес. Бұл мәселенiң бiлгiрлерi Е. Рашковский мен В. Хоростардың пайымдауынша, өз кезiнде Н. Я. Данилевский, О. Шпенглер, А. Дж. Тойнби және басқалар ұсынған конституцияларды қазiргi көптеген зерттеушiлердiң қабылдағысы жоқ. Олардың пiкiрi бойынша Ф. Бродель мен оның зерттеушiлерiнiң позициясы шындыққа анағұрлым жақын; олар қазiргi әрекет етiп тұрған кез келген өркениет жүйесiнде өркениеттiң дамуындағы сатылық – тарихи жолды жаңғыртып отыратын, тым құрығанда, аркаизмдiк, өзектi әрi заманауи деңгей өмiр сүредi деп тұжырымдаған едi.
Сонымен қатар тарихнамалық проблеманы талдау және жаңа көзқарастар мәселенiң шынайы ақиқатын айқындауға септiгi тиетiн басқа да пiкiрлердi жоққа шығармайды. Мысалы, Е.Хантингтон қоғамның өркениеттi және мәдениеттi дамуын айқындайтын негiзгi факторлардың iшiнен географиялық, климаттық, биологиялық, демографиялық, физиологиялық т.б. факторларды қарастырды. Әрине алғашқы адамдар отырықшы емес едi, өмiр сүру үшiн тамақ пен баспана iздеп, олар Африкадан Орталық Азияға жаяу-жалпылап келдi, одан әрi Еуропаға өтедi, бұл процесс бұдан 80000 жыл бұрын басталды.
Батыс өркениетiнiң басымдығын бiр жақты мойындаған өркениет есонизмi бiр жарым мың жыл бойы батыс қоғамының идеологиясында сайран салып жүрдi. Бұл доминант басқа өркениеттердiң жалпы адамзат құндылығына қосылудың құралы ретiнде Батыстың жетекшi елдерiнiң сан ғасырлар бойы отарлық үстемдiгi мен отарлаудың идеологиялық негiздемесiнiң фактыларына сүйендi. Сөз жоқ, мұндай араласу «бiлектiң күшiмен, найзаның ұшымен» жүзеге асырылып, әлемнiң көптеген халықтарына қисапсыз қайғы-қасiрет әкелдi.
Сөйтiп, ғылымдағы «өркениеттi әдiснама» еуропалық гегемондықтың әлемге кең қанат жаюына күш салып, еуроцентризммен уланбаған өзге пiкiрлер мен тұжырымдардың, озат ойлы ғалымдар көзқарастарының бәрiн түгелдей мансұқ еттi.
Бұған қарамастан әртүрлi адамзат қоғамын шапшаңдату мен дамытудың жалпы табиғи-тарихи заңдарын және принциптерiн тұжырымдаған кезде «өркениет» ұғымы академиялық ғылымда барған сайын кеңiнен қолданыла бастады. Өркениет категория мен әдiснама ретiнде өз бойына бiрнеше теорияны жинақтаған; бiз солардың бiреуiн – қазақ өркениетiн талдаған кезде, менiңше, анағұрлым тұжырымды көрiнетiн жағдай теориясын қарастырайық.
[caption id="attachment_9586" align="alignright" width="360"] Франциядағы Аттила ескерткішінің алдында[/caption]
Е. Хантингтонның «Өркениеттiң қозғаушы күштерi» атты кiтабында (Йельск университетiнде «көптеген американ профессорларымен ақылдасқаннан кейiн» жарық көрген) өркениет дегенiмiз не, оның ырғақ-қалпы мен тарихи динамикасы неден құралғаны туралы өзгеше пiкiр баяндалған.
Ежелгi адамдар қоғамының варварлықтан өркениеттi тұрмысқа көшуiнiң дәл уақытын анықтаудың күрделілігі сияқты, өркениетке дұрыс анықтама беруде сондай қиын. Жалпы еңбек бөлiнiсi жақсы дамыған, егiншiлiкке көшкен адамдар отырықшы өмiр қалпын қолданған, басқарудың белгiлi бiр түрiн орнатқан, жазу-сызуды жасап, игерген жерде өркениет көрiнiс бередi.
Бұл тезис – еуроцентризмнiң кесiрлi принципiнен туындаған заманның жалпы қатесi. Егер қазiргi еуропалық халықтар өркениеттi десек, сонда олардың ата-бабалары алғашқы егiншілер болғаны ма?! Алайда бұл тезистi еуропалық халықтардың ДНК геномын 100%-ға дейiн дәл зерттеу арқылы бүгiнде жоққа шығарған. Қазiргi еуропалықтардың бұдан 10000 жыл бұрын қоныстанған ата-бабаларының 20%-ы ғана егiншi, ал еуропада 40-50 мың жыл бұрын өмiр сүрген ата-бабаларының 80%-ы жергiлiктi аңшылар болған. Бұл болжамның растығын 2001 жылы еуропалық ғалымдардың өздерi эксперимент түрінде дәлелдеп, ғылыми факт ретiнде қабылдаған (Бұрын еуропалықтардың 80%-ы егiншiлер болған деп есептелетiн). Аңшылардың ұрпақтары көшпелiлер болған деген пiкiр ғылымда аксиома ретiнде қабылданатын.
Өркениет генезисiн зерттеу, әсiресе, оның алғашқы сатысы кезiнде қалыптасуына ықпал еткен бiрнеше факторды қарастыруды көздейдi. Олардың бiрқатары дәлелденбедi, басқалары көп уақыт бойы үлкен дау-дамай туғызды. Мысалы, нәсiлдер мен қоршаған орта факторларын қарастырайық. ХIХ ғасыр мен ХХ ғасырдың ортасына дейiн Батыс әлемiнде әлеуметтiк құбылыстарды «нәсiлдiкпен» түсiндiру кең етек алған едi. Ғылым кез келген салада, әрине, өркениеттер генезисiнiң мәселесi туралы да мұндай көзқарастың қисынсыз екенiн баяғыда-ақ дәлелдеген. Сондықтан нәсiлдiк факторларға тоқталмаймыз да, қажет ететiндерге А. Дж. Тойнбидiң еңбектерін қарауды ұсынамыз. Демек, ген туралы ғылымның соңғы жетiстiктерiнiң көрсетуiнше, бiз бәрiмiз бұдан 150000 жыл бұрын Африкада өмiр сүрген бiр анадан тарадық. Оның ұрпақтары бұдан 80000 жыл бұрын Африкадан шығып, қазiргi Йемендегi Баб-әл Мандет бұғазы ауданындағы Қызыл теңiз арқылы дүние жүзiне тараған, соның iшiнде Еуропа арқылы Орталық Азияға да жеткен. Сонымен нәсiлдiк фактордың негiзсiз екенiн ғылым дәлелдедi.
Бiздiң пiкiрiмiзше, келесi фактор - өркениеттiң қалыптасуына игі әсері тиген ең басты себеп дер едік; ол – адамдар тiршiлiгiнiң тарихи ортасы немесе әншейiн жағдай теориясы. Осыған байланысты бiз өркениеттiң негiзгi түрлерiн және нақты әрi тарихи динамикада қазақ өркениетiн олармен салыстыра қарастырамыз.
Өзен өркениетi
Еуразия далалары ландшафтарынының және Төменгi Нiл алқаптарының, Амудария мен Сырдария өзендерiнiң аралығында және көшпелi қоғам мен ежелгi Египет қоғамының ерекшелiктерiнiң өзара себеп-салдарлы байланыстары туралы болжам бар. Б.э.б. VIII-VII ғасырларда әлемдiк саяхатшылар солтүстiк жерлерде, Қара теңiз жағалауларында және Азов теңiзiнiң бойында бақылаған көшпелiлер өмiрi бiркелкілiгiмен және бiрқалыптылығымен ерекшеленген, бұл, әрине, реликт қоғамдардың өмiрiне және бiздiң қазiргi кезiмiзге тән сияқты. Олардың Орталық Азияда және Амудария мен Сырдария аралығында өмiр сүрген скифтер мен сақтарды көрмеуi мүмкiн емес. Еуразия далаларындағы көшпендiлердiң тiршiлiгi өзiнше үзiлiссiз болған сияқты, олар бұрыннан қала салған, суландыру каналдарын қазған, астрономия мен математика негiздерiн бiлген. Сондықтан бiртұтас мәселенiң жекелеген бөлшектерiн салыстырмай, бiр-бiрiнен тәуелсiз өмiр сүретiн әр түрлi жүйелер мен тұтас қоғамды салыстыру керек. Тең жағдайда пайда болған ұқсас қоғамдар ғана адамдар тұратын өзен аймағының мысалында өркениеттер генезисiнiң жағдай теориясын шынайы түрде дәлелдей алуы мүмкiн.
Орталық Азия мен оның маңайын қоса отырып, Еуразия даласын бiртұтас ретiнде қабылдау арқылы бiз, бiрiншiден, мекендеу жағдайы онымен өте ұқсас аумақты қатар қоя аламыз. Бұл аумақ Парсы шығанағының батыс жағалауынан бастап Атлант мұхитының шығыс жағалауына дейiн және Иран таулы өлкесiнiң, Анатолияның, Сирия мен Солтүстiк-батыс Африканың оңтүстiк жағынан бастап, Йемен қарағы мен Биссинияның Солтүстiк жағына және Тропикалық Африканың терiскей орманды аймағына дейiн созылып жатыр. Бұл даланы одан әрi тәуелсiз бiртұтас ретiнде қарастыру үшiн «Афразия даласы» деп атаймыз. Ал ендi шешушi сұрақты қоямыз: Еуразия мен Афразия далаларының географиялық жағдайларының ұқсастығы осы аумақтарда пайда болған адамдар қоғамдарымен ұқсас деп баяндауға бола ма? Мақұлдаған жауап аламыз. Екi аймаққа да жағдай теориясында айтылғандай номадизм тән. Бiздiң ата-бабаларымыз үйренген еуразиялық және африкалық үй жануарын салыстырған кезде бұл әсiресе айқын байқалады. Екi қоғамда түйенi үйреткен (бұл жануар жабайы түрiнде сақтала алмайды). Еуразия даласында үйретiлген Бактрия түйесi мен Афразия даласында үйретiлген араб түйесi әр түрлi тұқымнан тараған, бұл қолға үйретуде жеткен екi жетiстiктiң бiр-бiрiнен тәуелсiз түрде болғанын дәлелдейдi. Екi қоғам да номадизмге дейiн аңшылардың ұрпақтары және ежелгi өзен өркениетiнiң алғашқы өнегесi едi, екеуi де теңiз және өзеннiң сыйын, жабайы аңдар мен құстардың етiн пайдаланды. Әрине, айырмашылықтары да баршылық. Еуразия далаларында номадизм әскери демократияның элементтерiмен бiрге қуатты әскери күш ретiнде пайдаланылды. Екiншi жағынан, еуразиялық көшпендiлердiң мал табындары көбiнесе жылқы мен мүйiздi iрi қарадан, ал афразиялық көшпендiлердiкi қой мен ешкiден құралды, өйткенi Африка жағдайында кең де мол жайылымдар жоқ болды, бiрақ екеуi де түйе мен жылқыны көлiк құралы ретiнде пайдаланды.
Ұлы өзендер аңғарындағы тайпалардың тiршiлiгiн талдау өзен өркениетiнiң негiзiнен номандық қоғам мен егiншiлiктi дамытатынын көрсетедi. Шынында, жансыз табиғатты игергеннен гөрi, жануарларды қолға үйрету адамға қиынырақ болған. Жануарларды қолға үйрету – табандылықты, ақыл-ойды көбiрек талап ететiн анағұрлым жоғары өнер.
Төменгi Нiлдiң алқабы Афразиялық далалардың жалпы жүйесiмен табиғи түрде үйлеседi, Египеттiң климаты да маңайындағы жердегiдей, сәл ғана ерекшелiгi – ұлы өзен алқапты сумен барынша қамтамасыз етiп, сумен бiрге келген тұнба топырақты құнарландырып отырады. Египет өркениетiн жасаушылар бұл факторларды бұрын да бiлген және олардың потенциалдық мүмкiндiктерiн тиімді түрде пайдаланып келген. Олардың қоғамы көшпелi Афразия даласымен орасан зор қарама-қайшылықта болған. Мысалы, Египеттегi Нiл жасаған табиғи ортаның болуы Египет өркениетiнiң пайда болуына игiлiктi әсер еткен жоқ па деген сұрақ туындайды. Мұндай тезистi мақұлдау немесе терiске шығару үшiн осыған ұқсас ортасы бар басқа да тәуелсiз аумақтарда «өзен» өркениетiнiң шығуы мүмкiн екенiн дәлелдеу қажет. Көршi аумаққа – Тигр мен Ефраттың төменгi алқабына оралайық. Мұнда да жағдай негiзiнен сондай: Афразия даласы, құрғақ климат, сумен жеткiлiктi қамтамасыз етiлген және берекелi тұнба қабаты бар. Бiз осының бәрiн салыстырып, мұнда да сондай «өзен» өркениетi – бiршама Египет мәдениетi сияқты шумер өркениетi пайда болған деп айта аламыз.
Амудария мен Сырдария өзендерiнiң аңғарларындағы тайпалардың тiршiлiгiнде де осындай өзгерiстер туындап, үшiншi өзен өркениетiнiң – арийлер, сақтар өркениетiнiң отанына айналды.
Нiл мәдениетiне ұқсас мысалдардың кемiнде бес-алты түрiн табуға болады, бiрақ солардың төртеуi ғана – «өзен» типiндегi өркениет. «Мұндай ортадағы египеттiк және шумерлiк мәдениет генезисi, расында, қағидадан гөрi – ерекшелiк. Демек, жағдай факторы бұл екi мәдениеттiң пайда болуына себепшi болған игi фактор ретiнде қарастырылмауы мүмкiн емес» деген А. Дж. Тойнбидiң бұл пiкiрiмен келiспеу қиын. Орта Азиядан басқа (Амудария мен Сырдария өзендерiнiң аралығы), Едiл мен Орал өзендерiнiң сағасы төртiншi өзен өркениетiнiң жарқын мысалы бола алады. Ертеде және б.э. Х ғасырына дейiн Каспий теңiзiнiң деңгейi қазiргi деңгейiнен 14-15 метр төмен болған.Ол кезде Едiл мен Оралдың сағасында киммерийлер, скифтер, сарматтар тұрған. Сақтар-сарматтар III ғасырда ғұндардың қуғынына ұшыраған. IV ғасырдан мұнда хазарлар пайда болды, олар мүлде басқа сипаттағы халық – балықшылар мен егiншiлер едi. Халықтың таңдаған өркениеті оның тұрып жатқан географиялық ортасына да байланысты болуы табиғи шарт болып есептеледі де, бұл өркениеттер теориясындағы табиғи ортаға байланысты деп аталады. Бiрақ оларда жауынгерлер және мәдениетi жақсы дамыған адамдар болды. Олар ғұндар конфедерациясының құрамына ендi немесе Аттила империясы құлағаннан кейiн ғұндардың өздерi Хазар мемлекетiн құрды. Қалай десек те, Хазарлар шығыстан келген. Әрине, бұл мәселе нақтылауды қажет етедi. Хазарлар – мемлекеттiң атауы, ал адамдар өздерiн қаса, қасақтар, казактар деп атаған, сөйтiп олар Каспий ойпатының маңында өзен өркениетiн жасады. Алайда, өзен өркениетi бұған дейiн де Орталық Азияда бар едi. Есте жоқ ерте заманнан бастап мұнда кеме жасаған, балық аулап, оны жасанды түрде қолдан өсiрген. Бұл туралы нақты деректер жетерлік.
Ежелгi қазақтардың өзен өркениетiнiң негiзiн қаңлылар салған, бұл жөнiнде Авестада айтылған.Қаңлыны Қазақстанда өзен өркениетi жақсы дамыған ежелгi iрi мемлекеттердiң бiрiне жатқызу артық емес. Шымкент маңындағы Шәуiлдiрде кеменiң қалдығы табылған, ғалымдардың пiкiрiнше, оған шамамен 2000 жыл болған.
Ертедегi қазақтардың өзен өркениетiн жасаған екiншi iрi этносы – оғыздар. «Оғыз» сөзi ежелгi түркi тiлiнде уғуз - өзен, су адамы немесе үлкен су дегендi бiлдiредi. Орталық Азияда қуатты империялар құрған оғыздар -ғұздар мен қаңлылар, Еуразияда хазарлар алғашқы кезде өзен өркениетiне арқа сүйедi. Ежелгi қазақтардың өзен өркениетi туралы болжамды бiрiншi рет кезінде біз ұсынған едік. Оны тақырыпқа қызығушылар авторлық кітаптардан таба алады.
ЕГІНШІЛІК ӨРКЕНИЕТ
Егіншілік өркениеттің заманында маңызды болғаны сонша, Еуропа халықтарының, орыс, түрік пен өзбек тілдерінде мәдениетті культура десе, ол латын тілінде культура - өсімдіктердің тұқымы деген мағынаны береді. Қазақтардың, ертедегi түркiлердiң егiншiлiк мәдениетi айтарлықтай жоғары деңгейде дамыды.
Қаңлы (Авестадағы кангюй дегенге ұқсас) термин ретiнде ирандағы «қан» түбiрiмен негiздес, өзбек пен тәжiкте «қан» – канал, мүмкiн «арықтар елi» дегендi бiлдiрер, әлде «ағындар елi» дегенi ме немесе ежелгi түрiкше «қан ел». Қан – Сырдарияның ертедегi атауларының бiрi, демек, қанғарлар-кеңгерлер елiн Сырдария, Амудария және басқа өзендердiң сағаларына, тоғандар мен каналдар маңында орналастыруға болады. Қаңлылар жасаған суландыру жүйесiнің адамзат, әлемдiк өркениет үшiн аса зор маңызы болды, сондықтан үлкен арықтарды солардың құрметiне «каналдар» деп атады (С.П.Толстов), бұл «қан ел – канал» деген сөз. Қазақтар тұрған аумақтағы отырықшы өркениет К. Байпаков, У. Шәлекеновтер тарапынан жақсы зерттелген. «Хұқықсыз әрi қорғансыз, ондаған алым-салықпен және борышпен шырмалған, әр түрлi санаттағы қаржы шенеунiктерi мен жер иеленушiлердiң тонау жүйесiне ұшыраған отырықшы диқанның өлмешi күнiн көргеннен гөрi, көшiп жүргенi пайдалырақ едi…» (И.П.Петрушевский. «ХVI-ХIХ ғасырдың басындағы Әзiрбайжан мен Армениядағы феодалдық қатынастар тарихының очерктерi»). Сондықтан қазақтар отырықшылық пен егiншiлiкке тым асықпай, шағын топтармен бай да қуатты көшпенді өмірін тастамаған.
КӨШПЕНДIЛЕР ӨРКЕНИЕТІ
Митохондриясы ДНК зерттеушiлерi мен археологтардың мәлiметтерi көрсеткендей, алғашқы адамдар әуелi терушiлiкпен, балық аулаумен, аңшылықпен шұғылданып, содан кейiн ғана егiншiлiкке көшкен. Каспий маңындағы далада егiншiлiктi аң аулау толықтырды, бұл шаруашылық тiршiлiктiң екi формасы ұзақ уақыт бойы бiрге болды. Бiрақ адамдар сонымен бiрге су тоғандары мен өзендердiң пайдасын және артықшылықтарын да пайдаланып, тiршiлiк еттi.
А. Дж.Тойнбидiң жазуынша, Еуразиядағы аңшы адам қуаңшылыққа ұшырады да, оны диқаншылықпен шұғылдануына итермеледi, ал екiншi қуаңшылықта аң аулауды қосымша кәсiп ретiнде пайдаланған егiншiлер мен малшылар ұшырасты. Еуразиялықтар сапалы секiрiс жасап, олар көшпелi мал шаруашылығына ауысты. Өмiрдiң көрсеткенiндей, көшпелi өмiр қалпына көшу климаттың нашарлауына берiлген жауап едi және ол бұл аймақтағы ежелгi халықтардың сақталып қалуына себiн тигiздi.
Бiздiң бұған қосарымыз: номадизмнiң пайда болуы тек табиғи катаклизмаға ғана емес, сондай-ақ адамдардың сана-сезiмiнiң өсуiне, өздерiн сол кездегi табиғи дүниенiң интеллектуалды шыңында тұрғанын түсiнгенiне де байланысты едi. Бәлкiм, адам көптеген жабайы аңдарды қолға үйретiп, үйде ұстап, табиғи катаклизм жағдайында қажеттi тағам қорымен өзгеше сақтандыру жасауды, мүмкiн, сапалы түрде, мүмкiн, кездейсоқ түрiнде пайдаланған шығар.
Көшпелi өркениеттi егiншiлiк мәдениетiмен салыстыра келiп, А. Дж. Тойнби номадизмнiң көп артықшылықтары барын ескертедi.
Жануарларды қолға үйрету өсiмдiктердi үйде өсiргенге қарағанда өте үлкен өнер еді, өйткенi бұл адамның ақыл-ойы мен жiгерiнiң ырыққа көне бермейтiн материалды жеңуiнiң белгiсi болатын. Басқаша айтқанда, бақташы – егiншiге қарағанда асқан шебер, бұл пiкiр атақты сириялық мифологияда көрiнiс тапқан: Адам ата өз әйелi Хауа ананы түсiндi, ол жүктi болды да, Қабылды туған соң: «мен Тәңiрiмнен пенденi таптым» дедi. Одан кейiн оның iнiсi Абылды туды. Абыл қой бақты, Қабыл диқан болды. Бiраз уақыт өткеннен соң, Қабыл жерден алған сыйлығын Тәңiрге әкелдi, Абыл да табынның бiрiншi төлiн әкелдi, оларға қарап тұрып, Тәңiр Абылға және оның сыйына көз қырын салды, ал Қабылдың өзiне де, оның сыйлығын да көзге iлмедi.
Жануарларды қолға үйретуде жеткен ең жоғары жетiстiк салт атта жүрумен байланысты болды, мұны б.э.б. пайда болған кентаврлар – адам-жылқылар жөнiндегi аңыздар дәлелдейдi. Содан берi көшпендiлердi салт атпен жүрудi игерген халықтар деп санайды. Жылқылы-көшпелi өркениет туралы идеяны бiздiң ғалымымыз М.Әуезов та ұсынған.
Орыс ғалымы Л. Н. Гумилев былай дейдi: «Көшпелiлер мәдениетi өзiнiң 3000 жылдық өмiрі iшiнде Жерорта теңiзi мен Шығыс өлкесiнiң халықтарымен салыстырғанда, шығармашылық эволюцияны бастан кешiрдi». Оның пiкiрi бойынша, көшпелiлер әлемдiк өркениетке қомақты үлес қосты. Қазақ өркениетiнiң қайнар көзi Ұлы даладан бiрте-бiрте Мессопотамияға қоныс аударып, Шумер мемелекетiн құрған арийлер заманынан басталса керек.
Дала өркениеті Қазақстанның археолог-ғалымдары Ә. Марғұлан, К. Ақышев, К. Байпақов көшпелi өркениет ұғымын жиi қолданады. Көшпелiлер қоғамы терминi негiзiнде С. Толыбеков пен Д. Кiшiбековтердiң пiкiрлерiнде көбiрек қолданылады. Соңғы жылдары К. Байпақов пен М. Қозыбаев Еуразия сахарасында көшпелiлер өркениетiнiң орнына дала өркениетi ұғымын қолдану дұрыс деп санады.
Көшпенділердің мәдениетінің қаншама заман өтсе де сол баяғы бәз қалпында біздің уақытымызға дейін жетіп қана қоймай, дәстүрінің, тәрбиелік маңызының сақталуына таң қалған Еуропа (Франция) ғалымдары Делез бен Гваттари көшпенділер теориясын дамытып, ғылымға номадология теориясы деп енгізген. Олар осы жұмыстарында көшпендіні тегіс жазықтыққа (далаға) орналастырып, қолдарын бос қойған. Атқа отырған көшпенді өз жазықтығында емін-еркін қалаған жағына қарай қозғалған. Қазақ көшпенділері жолында ұнаған жерлерге белгі қойып, бәйтерек отырғызып, дың тұрғызып (моңғолдар оба тұрғызған), қала салған. Сөйтіп, көшпенділер өркениетін қалалық мәдениетпен біріктірген яғни дала өркениетін құрған қазақтар ғана екені номадология теориясынан шығып тұр. Қазақтардың даналылығы қалалық және көшпенділік өркениеттерді біріктіре білуінде. Делез бен Гваттари теорияларының жемісі осында жатыр.
Қазақстандағы археологиялық ескерткiштердi зерттеу негiзiнде әр түрлi мәдениет дәстүрлерiнiң өзара қарым-қатынас процестерi айқын көрiнiс тапқан. Орталық Азия мен Еуразия аумағы тарихи-мәдени синтез орталықтарының бiрi болған. Көшпелi және отырықшы халықтың өзара байланысының мәнi мен мазмұнына көз жүгiрткен, әр түрлi тайпалар мен халықтардың мәдениеттерiнiң өзара кiрiгуi мен бiрiн-бiрi байытуы әлемдiк процестiң даңғыл жолы болған тәрізді. Мұндай синтездiң негiзiнде шекаралас өркениеттер мен Қазақстан халықтары мәдениетiнiң көптеген жетiстiктері жатады. Синтездiң мұндай мысалдары көп.
К. М. Байпақовтың пiкiрiнше, «көшпелi мәдениет», «көшпелi өркениет» терминдерi онша сәттi емес. «Дала мәдениетi мен өркениетi» туралы айтсақ, дұрыс болар едi, бұл тек көшiп-қонуды емес, отырықшылықты, тек мал шаруашылығын емес, егiншiлiк пен қала тiршiлiгiн де бiлдiрер едi. Сақтардың, үйсiндердiң, түркiлердiң, қазақтардың тек номадтар ғана болмағаны дәлелденген. Өйткенi «тек қана номадизм» деп жүргенiмiз Қазақстанның бос жатқан жерлерi туралы, көшпелiлер мәдениетiнiң құбылмалылығы туралы пiкiрлерге «ой тастайды». Номадизм дегенiмiз Қазақстанның дала шаруашылығының, тiршiлiгi мен тұрмысының бiр ғана бөлшегi, бiрегей дала өркениетiнiң өзiндiк бiр бөлiгi ғана. Бұл пiкiрдi М. Қ. Қозыбаев та қолдаған. Қалай десек те, көшпелiлiк әлеуметтiк артықшылық деп саналған. Үнемi қозғалыста жүру номад үшiн тек шаруашылық шара ғана емес, тiршiлiкте болған. Көшiп-қонғанда адамдар өмiрге келген, есейiп кәмелетке толған, ержеткен, некелескен, той тойлаған, демалған, дүниенi таныған, қаза болған… Дер кезiнде жүрiп-тұрмау шаруашылыққа залал әкеледi, рудың жарлығының белгiсi деп санаған. «Аштан өлiп, көштен қалуды» үлкен әлеуметтiк сор, аштық пен күйзелiс сияқты апат деген. Сондықтан көш аса бай, салтанатты болған.
Жаһандану заманында жаңа көшпенділер пайда болды, олар - «туристер». Туристер қайда барса да жат халық, соған қарамастан, оларды әлбетте жылы шыраймен қарсы алады. Қазіргі заманда тек қана, осы жаңа көшпенділер – туристерден түсетін табысқа қарап қалған ұсақ мемлекеттер көп.
ҚАЛА ӨРКЕНИЕТI
Латын сөзi «civilis» - азамат, қала тұрғыны немесе қала өркениетi дегендi бiлдiредi. Осыған байланысты ежелгi грек тарихшысы Страбонның «өркениет болса, бiр қала да жетiп жатыр» деген сөзiн тағы бір келтiрудiң артықтығы жоқ. Егер тарихи есеп жүргiзудi Арқайым қаласынан бастасақ, онда қазақтар тұрған жерде 300-400 шамалы қала болған. Шумер мемлекетiнiң аумағында болған қалалар: Өрiк (екiншi аты –Орхон), Ор, Ом, Лағаш, Самара, Соза, Есен, Мары, Вавилон, т.б. Әрбiр қала белгiлi аумағымен бiрге, жеке мемлекет сияқты тiршiлiк еткен. Еуразия кеңiстiгiнде қалалар кештеу пайда болды, сондықтан олардың көпшiлiгi шумер атауларын алған (Самара, Мары, Созақ, Ор, Омбы, т.б.). Таяуда Түркiстанның – 1500, Тараздың 2000 жылдығы тойланды, бұл – ерте заманда гүлдей жайнаған қалаларымыздың болғанын дәлелдейтін дерек.
Өркениет теориясы қалаларды өркениеттiң алғы шарты мен базалық негiзi деп санаған. О.Шпенглердiң пiкiрiнше, тiршiлiгi қайнаған, халқы сапырылысқан және өзара байланысы дамыған қала – өркениеттiң ең маңызды көрiнiсi. Ал А.Тойнби қала мен өркениеттiң өзара байланысына шек қоймаған, қайта ол «көшпелi өркениеттiң» бар екенiнен қайтпаған («Тарихты өңдеу», ХII том). А. Тойнбидiң бұл пiкiрi батыс ғалымының ерлiгi үшiн құрметтеуге тұрарлық, дегенмен «көшпелi өркениет» «кешеуiлдеген» өркениет тiзiмiне енгiзiлiп қойған. Тарихта таза күйiнде номадтың болмағаны қазiр мәлiм болған, ал қазақтар да таза көшпелiлер болған емес.
Әскери-демократиялық немесе әскери-көшпелi өркениет. Қасақтардың, сақтардың әскерлерiне әскери жабдықтар, семсерлер, сауыттар, дыбысты жебелер, садақтар, т.б. жасайтын шеберлер, сондай-ақ, ер-тұрман, т.б. заттар әзiрлейтiн ұсталар, қолөнершiлер болған. Олар қосынның маңында, жеке-жеке қоныстарда оңаша тұрған. Мұндай қоныстар мұқият қорғалған, әсiресе, қолөнер бұйымдарының жасалу технологиясының құпиясын ерекше құпияда ұстаған. Қазба кендерiн, топырақ қасиеттерiн жақсы бiлген тәжiрибелi адамдар көп еді. Олардың iшiнде, қазiргi тiлмен айтқанда, агрономдар, агротехниктер, селекционерлер, геологтар мен құдық қазушылар, дамба және басқа гидротехникалық құрылыстарды салушылар да бар еді.
Еуропаның көптеген әскербасыларын Аттиланың әскери тактикасын зерттеу қызықтырған. Ал өзi мұны құпия санамаған, тiрi кезiнде Еуропалық әскер басыларын өз өнерiне үйреткен. Бұл әскери iстiң жоғары деңгейде дамығанын, ғұндардың мәдениет жағынан да, өркениет жағынан да зор жетiстiктерге жеткенiн дәлелдейдi. Олар кезiнде батысқа қарай әлсiреген күйде, аздаған адамдармен сапарға шыққан едi, аландардан басқа ешкiммен соғыспаған, көптеген тайпалар оларға өз еркiмен қосылған-ды. Олардың әскери өнер саласында жеткен табыстарына зор баға берiлген. Олар «Аттила және көшпелiлер ордасы» атты тамаша әскери кiтаптар сериясында суреттелдi (авторы – Давид Николле. Лондон, 1997 ж.). Ол бұл кiтапта былай деп жазды: «Грек шежiресiнде Аттиланың әскери тактикасы мен оның соғысты жүргiзу тактикасы сипатталды, ол, сондай-ақ, стратегиялық және тактикалық әдiстердi де жақсы білген. Ол қарақшылық жасамаған, ұлы қолбасшы және ақылды көсем едi. Ғұндар Рим легионерлерi сияқты қанiшер емес еді, олар мәдениетті, тәртіпті сақтаған. Ғұндардың еуропалық өркениеттiң алдындағы кiнәсi – олардың өзгеше сырт келбетi, көзқарасы мен әдет-ғұрыптары едi. Еуропалықтар соғыс өнерi мен адамгершiлiктi ғұндардан үйрендi, сонымен бiрге, әскер түрi ретiнде атты әскердi, құрал-жабдықтар мен қару-жарақтарды үлгi етiп алды. III-IV ғасырдағы араб ұсталары әскери қарулар жасауды сақтардан, ғұндардан, хазарлардан, бұлғарлар мен қыпшақтардан үйренуді өздерiне ұят санамады (мүмкiн, дамаскiлік болат шығар). ХI ғасырдағы араб тарихшысы әл-Жиһаз айтқандай, «түркiлердiң соғыстағы ролiн және мәнiн Қытайдың өнердегi және Грекияның ғылымдағы ролiмен салыстыруға болады».
Ғұндар, сақтар мен қасақтар үшiн рәмiз және соғыс құдайы ретiнде қылыштың маңызы зор едi. Аландар, скифтер, ғұндар және тiптi скиф-сармат руынан шыққан ағылшын королi Артур да қылышты жерге қадалған немесе тасқа шаншылған соғыс рәмiзi деп санаған.
Қазақ мәдениетi, музыкасы, әдебиетi iс жүзiнде жеке дара. Көрші өзбек, қырғыз, татармен ұқсамайды. Қазақ мәдениетiн жеке қарастырамыз, оның өзі бір төбе. Қазақ мәдениетіне ешкім күмән келтірмейді.
Сөйтiп, қазiргi кезде дала және көшпелi өркениет ұғымы кең ғылыми айналымға табиғи түрде ендi, оны әзiрлеуге ҚР Ғылым академиясы Тарих және этнология институтының академигі М. Қ. Қозыбаев бастаған ғалымдар тобы зор үлес қосты. Бұл проблеманың зерттелуiн одан әрi жалғастырып, бiз де жаңа ұғымды – әскери-көшпелi өркениет ұғымын енгiздiк, бұл ұғым ежелгi қазақтардың басым бөлiгiнiң кейде әскери демократия деп аталатын өмiр сүру қалпын анағұрлым толық сипаттайды. Әскери демократия ертедегi хазарлардың басқару формасы болды, егер олар соғыста iрi жеңiлiске ұшырай қалса, қағанды өз халқы өлiм жазасына кескен. Мұндай жағдай Хиуа хандарында да болған.
Қазақтар қоныстанған аймақтарда өздерiне тән мәдениетi немесе қалалық мәдениетi бар және оған қосымша егiншiлiк және өзен өркениетi гүлденген көптеген қалалар бой көтерді. Жоғарыда айтылған мәдениеттер жиынтығынан барынша сәттi өркениет қазақ жерiнде пайда болды, өйткенi қазақтардың ата-бабалары өркениеттiң осы бес типiн шеберлiкпен үйлестiрiп, қазақтың өзiндiк мәдениетiн жасаған. Атап айтқанда, бұған ыңғайлы географиялық жағдай, бай да сан түрлi табиғи қорлар, дамыған қарым-қатынас жүйесi, Ұлы Жiбек жолындағы саудадан және оны қорғаудан түскен табыстар, яғни, экономикалық сәттiлiктер жәрдемдескен болу керек. Бұл ретте қазақ өркениетiнiң ерекшелiктерiн талдай отырып, менiң пiкiрiмше, Еуразиялық кеңiстiк атағын алған Қазақ даласы мен онымен шекаралас аймақтың тарихына да сүйену барынша қажет.
«Өркениет» ұғымына бiржақты, бiржола анықтама беру қиын. Шынында өркениет ұғымы бiрқатар әлеуметтiк генотиптi, әлеуметтiк стереотиптi меңгерген, сондай-ақ, үлкен, жеткiлiктi, автономиялық, барынша тұйықталған географиялық кеңiстiктi игерген және осыған орай әлемдiк тарихтан берiк орын алған адамдардың мәдениет қауымын бiлдiредi.
Белгiлi бiр мәдениеттiң тұрақтылығын, бейiмделуiн, тартымдылығын және өмiршеңдiгiн қамтамасыз ететiн экономикалық құрылым кез келген өркениеттiң ең маңызды элементi болып табылады. Мұнда өзiмдiк ұйымдастыру факторы, сөз жоқ, кез келген өркениеттi жасау мен сақтауда басты орын алады. Осы тұрғыдан алғанда, өзiндiк экономикалық құрылымды, қоғамның әлеуметтiк-саяси құрылысын және болмыстың басқа да маңызды элементтерiн күшейтетiн қазақ өркениетi туралы да айту заңды әрi қажет. Тiптi, кез келген көшпелi өркениеттiң негiзi – салт аттылық немесе қаруланған салт атты жауынгер– әлеуметтiк-экономикалық мақсатқа сай әзірленген, өйткенi олар әскери сословиенi құрды және мемлекеттiң рәмiзi мен негiзi, оның ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң құралы болды. Салт атты жауынгер мәртебе саналған, оған қоғамның мұрсатты мүшелерiнiң, кейде беделдi ұлы жауынгердiң ғана қолдары жеткен. Ең бастысы, мұндай әлеуметтiк-мәдени қауымдастық (қазақ өркениетi) эволюцияға өзiнiң сәйкестiгi мен қабiлеттiгiн сақтап қалды, өйткенi оның мұндай қасиеттерi сан ғасырлар бойы тепе-теңдiктiң белгiлi бiр жүйесiнде тұрақталды. Қазақ өркениетiнiң категориялық-ұғымдық ақпараты ендi ғана құралып келдi десек те, егер есептеудi арийлер мен шумерлерден бастап жүргiзсек, ол тарихи жыл бойынша басқа да көптеген өркениеттермен қатар тұрады. А. Дж. Тойнбидiң пiкiрiнше, қазақ өркениетi үшiн шумер өркениетi генетикалық жағынан туыс қоғам болып табылады, ал қазақ өркениетi, өз негiзiнде, өркениет категориясына, дәлiрек айтқанда, жергiлiтi өркениетке қойылатын талаптардың бәріне жауап бередi. Жаңа нәрсенiң бәрiнiң жақтаушылары да, қарсылары да болатыны табиғи нәрсе. Алғаш рет «қазақ өркениетi» терминi 1999 жылы 31 мамырда «Қазақ өркениетi» ресми түрде журналының тiркеу куәлiгiн алған кезде көрсетiлдi. «Қазақ өркениеті» атты кітап осы оқиғаның 15 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көргелі тұр. Ғылыми тұрғыда қазақ өркениетi туралы хабарды мен 2000 жылыАлматыда өткен халықаралық конференцияда және 2001 жылы Австралияда өткен Глобальды өркениет туралы 1-халықаралық конгресте жария еттiм (Сидней қаласы, 10-19 шiлде). Бұл ұғым бiртiндеп мемлекеттік басылымдардан және «Қазақ өркениетi» журналында жарияланған көптеген мақалалардан қолдау тапты.
«Үлкен Ларусс» кiтабында баяндалғандай, өркениет дегенiмiз «басқаларға идеал, үлгі ретiнде саналатын нақты қоғамдардың әлеуметтiк, экономикалық, саяси және мәдени жағдайы». Олай болса, тарихта қазақтарды идеал ретінде қабылдап, қазақ өркениетіне еніп, яғни, басқа халықтың бұратана қазақтанып кеткен мысалдарын келтірейік.
Басты идеалды қазақтар Қазақ хандығына дейiн-ақ жасаған, сондықтан жаңа мемлекет құралған кезде өздерiн қазақпыз деп есептеген халықтың бәрi Жәнiбек пен Керейге қосылды. Олардың көптiгi сондай, Үш жүзге бөлiнуге тура келдi. Қазақ хандығын мойындап, жақын тартқан басқа халықтарды 4-жүзге қосып, «құрама» деп атады. Негiзгi халықтар – қазiргi қазақ халқының «елдерi» (тайпалары), ұлы империялар мен мемлекеттер едi. Олар: қаңлылар, үйсiндер, арғындар – бұрынғы ақ ғұндар империясы, Хазар қағанатының қағандары – берiштер, Дешті-Қыпшақтағы – қыпшақтар, қоңыраттар, құшандар, наймандар, керейлер, жалайырлар, дулаттар – Хазар хандығының негiзгi ұйтқысы, адайлар – ежелгi дайлар, шөмекей-шөмерлер, т.б.
Мынаны атап өту керек: қазақ және қыпшақ мәтiндерi мен олардың тiлдерi ХV-ХVII ғасырларда жүз елу жылдай Украина аумағында (негiзiнен Львов пен Каменец-Подольскiде, барлығы 70 шамалы қоныстарда), Польшада, Румынияда, Молдовада, Қырым мен Түркияда қолданылды. Қыпшақ тiлi қазiргi Украина аумағының Речь Посполитаяның құрамына енген аймағында өте кең таралды. Мұны бұл жерге армяндардың қоныс аударумен байланысты қолайлы жағдай жасалғанымен түсiндiруге болады. Қыпшақтардың бiр бөлiгi руна жазуын, шағын бөлiгi армян жазуын пайдаланды.
Қыпшақтардың ортасында өмiр сүрiп және олардың үстемдiгiнiң астында болып, армяндар көбiнесе ассимиляцияға ұшырады. Украинадағы негiзгi аталған армян қоныстарының тұрғындары өздерiн армяндармыз деп санады, бiрақ көпшiлiгi тiлдi бiлмедi, тек өз ерiктерiмен әуелі қыпшақ тiлiнде сөйледi, жазды және сыйынды! Украинаның оң жағалауы мен батысына армян миграциясының алғашқы толқыны (300-400 отбасы), көптеген деректерге сәйкес, ХVI ғасырда Қырым мен Бессориядан басталып, көбiнесе өзiне армян-қыпшақтарды қамтыды. Бұл сол кездегi тайпалар мен аймақтардың қоныс аударуын сипаттайтын Еуропаға тән жағдай едi.
2007 жылы Арменияның астанасы Ереванда конференцияға қатысқанымда армяндардың қазақтарға деген бауырмашылығын көріп, таң қалғаным бар, негізгі әңгімелерінің бірі сол армян – қыпшақ қарым-қатынасы. Ереванның негізгі мақтанышы қолжазбалар музейі Мазандаран болса, сонда армян - қыпшақ Тілашары әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Армения жерінде Қазақ деген жер аты және өзен бар екен.
Қыпшақтардың ортасында өмiр сүрiп және олардың үстемдiгiнiң астында болып, армяндар көбiнесе ассимиляцияға ұшырады. Украинадағы негiзгi аталған армян қоныстарының тұрғындары өздерiн армяндармыз деп санады, бiрақ көпшiлiгi тiлдi бiлмедi, тек өз ерiктерiмен әуелі қыпшақ тiлiнде сөйледi, жазды және сыйынды!
Жас Моңғол мемлекетiнде өз үкiметiнiң құрылымын, сондай-ақ, жазуын жасау үшiн Шыңғысхан Найман хандығының мемлекеттiк шенеунiгi Тата-Тонды шақырады. Оған өз балалары мен жақындарына жазу-сызуды, мемлекет басқаруды, әскери өмiрдi, саясат пен мәдениеттi үйретудi тапсырды. Керейден Шыңқай, сондай-ақ, қазақ тайпалары: қарлық, қаңлы, меркiт, жалайырлардан басқа да көптеген мұғалiмдер болды. Қазақ тайпаларының тiршiлiгi, олардың өркениеттегi жетiстiктерi үлгi ретiнде қызмет еттi, оларды моңғолдар өз мемлекетiн құрған кезде көптеп пайдаланды.
Юань өркениетiнiң қалыптасу кезеңiн суреттеп жазу үшiн, мемлекеттiк институттар мен шежiрелердi жасау үшiн қазақтың найман, қыпшақ, уақ, керей мен жалайыр сияқты тайпаларынан ғалым тобы қалыптастырылды. Бұл ретте автор моңғол династиясы Юань құлағаннан кейiн жазылған қытай дерек көзi «Юань-шиге» (Юань династиясының тарихы, А. Қадырбаев аудармасы) сүйендi.
Ш.Уәлиханов көрсеткендей, өздерiнiң аңызы бойынша қазақтар өздерiн Алтын Орданың мұрагерлерiмiз деп есептейдi. Сан жағынан шамалы моңғол жауынгерлері Дешті-Қыпшақ халқының жоғары мәдениетiмен кездескеннен кейiн тез арада сiңiсiп кеттi, яғни, қыпшақ өркениетi моңғолдарды жұтып қойды. ҚР ҰҒА-ның академигi М.Қозыбаевтың пiкiрiнше, қазақ халқы Шығыс халықтарының iшiнен бiрiншi болып өркениетке мемлекеттiктiң, державаның, бiлiм мен мәдениеттiң тәжiрибесiн таратты.
XVIII - ХIХ ғасырда қазақ жеріне алғаш көшіп келген орыстар - прозелиттердің қазақтанып кеткені белгілі. Қазақтың ішінде тұрған орыстардың мұсылман дінін, қазақтың салт-дәстүрін қабылдап, сіңісіп кетіп жатқандары көп. Бұл қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасқанын және мәдениеті мен өркениетінің адам қызығатындай деңгейге жеткендігін көрсетеді. Ондай мысалдарды оқырман қауым өздері де көріп, куә болған шығар. Бұл мәселе ғылыми басылымдарда да жарияланды. Алғашқы көшіп келген орыстардың «переселенецтер» мен орыс казактарының мұсылман дінін, қазақтардың дәстүрін қабылдап, өлеңдерін оқып, әндерін шырқап, құдандалы болып сіңісіп кеткені сонша, кейде бір-бірінен айыра алмайтындай жағдайлар да кездескен. Себебі олар қазақтың ұлттық киімдерін де киген, тұрмысын қабылдаған, кейбірі орыс мінездерін де ұмыта бастаған. Жағымсыз қылмыстарды да үйрене бастаған, мысалы, орыс казактары да барымташылыққа үйреніп алып, қазақ барымташыларынан кем түспеген. Жалпы орыс казактарының қазақтармен туыстас екенін ғалымдар айтып жүр. Осындай жағдайға көшкен орыс переселенецтерін прозелиттер- деп атаған.