Алдағы ЕО-ның (Еуроодақтың) отырысында 11 млн халқы бар Грекияның тағдыры қалай шешілер екен?
Грекия премьер –министрі Ципрастың мәлімдемесі күллі Еуропаның дегбірін қашырды. Гректер қарызға батқан. Белшесінен батқан. Бірақ, Ципрастың үкіметі өз айтқанынан таяр түрі жоқ. «Несие берушілермен жаңа келісімге отырмайынша, ел экономикасы аяғынан тұрмайды», – дейді Ципрас.
Әсте, Брюссель мұндай қадамға бармайды. Ойын ережесін өзгерткісі жоқ. Әсіресе еуропалық қауымдастықтың көшбасшысы Германияның қабағы қату. Қатаң, өте қатаң позицияны ұстанып отыр. «Грекия жүктелген міндетті орындауы және үнемді экономикадан бас тартпауы тиіс», – дейді.
Берлиндегі Германия және Грекияның қаржы министрлерінің кездесуі салқын аяқталды. Екі елдің көзқарасы түйіспейтіні және бір-бірінің пікіріне құлақ асқысы келмейтіні анық аңғарылды. Керағар көзқарас. Қатқан қағидалар...
Халықаралық несие берушілердің «үштігі» Германия жағында. Олар Грекия үкіметінен бұдан бұрынғы өзара келісілген реформаларды қатаң ұстануды және үнемді экономика саясатынан бас тартпауды сұрап... жоқ, анығырақ айтсақ, талап етіп отыр. Бұл – экономика. Экономикада эмоцияға жол жоқ. Әзір Афинының мемлекеттік қарызы 316,9 млрд еуроны құрайды. Бұл ІЖӨ-нің (ішкі жалпы өнімнің) 185 пайызы.
Германия Грекияның қарызын кешірмейді. Алайда, кім-кімге қарыз осы?
[caption id="attachment_9592" align="alignright" width="295"] «Грекия жүктелген міндетті орындауы және үнемді экономикадан бас тартпауы тиіс», – дейді Германия[/caption]
Қос дата
1941 жылдың сәуір айы: нацистік Германия Грекияға басып кіреді.
2010 жылдың сәуір айы: Грек үкіметі дефолтқа қалмау үшін қаржылық көмек сұрайды.
Бұл екі оқиғаның аралығы 70 жыл және екеуінің арасында еш байланыс жоқтай көрінуі мүмкін. Бірақ, біз олай ойламаймыз...
Іс жүзінде Грекия емес, керісінше, Берлин Афиныға қарыз. Грек парламентінің есеп-қисабына қарағанда, нацистік Германияның Грекия алдындағы қарызы Афинының Еуроодақ алдындағы қарызынан екі есе көп. Алайда Берлиннің гитлерлік Германияның тұсындағы оккупациялық займды қайтарар ойы да, түрі де жоқ.
Жарайды, сандар сөйлесінші...
«1944 жылы сол кезгі гректердің үкіметбасшысы Цолакоглудың қолы негізінде Германия, турасын айтқанда, күштеп, зорлап отырып гректердің Орталық банкінен алтын және ақшалай негізде 3 млрд еуро қарыз алады. Қазіргі бағада бұл – 163,8 млрд доллар», – дейді профессор Эдмундо Файанас Эскуэр (Edmundo Fayanas Escuer).
Міне, сол қарыз әлі күнге дейін қайтарылған жоқ.
Іс жүзінде Грекия емес, керісінше Берлин Афиныға қарыз. Грек парламентінің есеп-қисабына қарағанда, нацистік Германияның Грекия алдындағы қарызы Афинының Еуроодақ алдындағы қарызынан екі есе көп.
«Грекияның бүгінге дейінгі тарихында бірде бір ел оған дәл Германия секілді шүйлікпеген шығар. Гитлерлік отарлау тұсында ел инфрақұрылымының 50 пайызы және өндірістің 75 пайызы қирады. Бұл аз ба?», – дейді Мадридтегі заманауи тарих университетінің профессоры Карлос Диас (Carlos Díaz).
«Немістер Грекияның табиғи байлығын Германияға тасыды. Күллі инфрақұрылымды құртты. Гитлер әскері халықты қырып-жойып, ауыл-аймақты өртеп жіберді. Дистомо бұған анық дәлел (Грекияның Дистомо ауылы. «Қызыл крестің» дерегінше, бір ауылдың өзінде фашистердің қолынан 600 адам қаза тапқан). Фашистік отарлау тұсында аштық, туберкүлез және бұдан зорғы індеттің салдарынан 300 мың грек қаза тапты», – дейді тарихшы.
Ал бір кезгі Франция президенті Саркозидің кеңесшісі болған экономист Жак Деплдің есептеуінше, нацистік Германияның гректердің алдындағы қарызы (ілгеріде айтылған жайттың бәрін ескере отыра) 575 млрд еуроны құрайды.
[caption id="attachment_9593" align="alignleft" width="275"] Грекияның Үкіметбасы Алексис Ципрас ел экономикасы көмекке зәру екенін айтады[/caption]
«Бұл сома Грекияның қарызын қайтарып, қайтарып қана қоймай, артылған ақшаны өз экономикасына бағыттауға жетер еді», – дейді Депл.
Бірақ, гректердің дәмесі соншалықты зор емес екен. Грекия қаржы министрлігінің мамандары архивтік құжаттарды қопарып, ақылдаса келе: «Германия бізге 162 млрд өтемақы төлеуі тиіс», – деп тауыпты.
Демек...
Иә, демек Алексис те (Алексис Ципрас, Грекия премьер-министрі) ақымақ емес. Парламентте үкімет бағдарламасын таныс еткен ол: «оккупациялық қарызды қайтару және әскери репарация үшін өтемақы талап ету – бұл фашизмке қарсы қан төккен бабалар алдындағы міндет», – деді.
Иә, Грекия бұл туралы бүгін айтып отырған жоқ. Бірақ, бұрнағы грек басшыларына қарағанда, батыл, ашық айтып отыр. Алексис ақымақ емес деп, ілгеріде айттық. Бұған оның өзі араласқысы жоқ. Қарызды қайтаруды ол 92-і жастағы – Манолис Глезосқа жүктеді. Ол кім, білесіз бе? Ол 1941 жылы Афиныдағы Акропольден нацистік туды лақтырып жіберген ұлт қаһарманы, гректер үшін аты аңызға айналған тұлға.
Германия, ХХ ғасырдың ең ірі қарызгері
«Берлин Афинының сөзін құлағына да ілмейді». Біртүрлі естілетін шығар. Бірақ, Германия Сырты істер министрінің орынбасары Зигмар Габриэльдің сөзі осыған саяды. Оның пікірінше, бұл сауал өзінің өзектілігін жойған және жабық тақырып.
Немістер экономикалық табысқа АҚШ-тың арқасында жетті. Олар мұндай «мәрттікті» ұмытпауға тиіс. Оның үстіне Еуроодақтың құрылуынан бәрінен бұрын немістер ұтты. Ендеше, осы одақты сақтап қалуға бәрінен бұрын немістер мүдделі болуы керек.
Дегенмен, жара әлі жазылған жоқ. Германия өткенді ұмытуға тырысқанымен, жәбір көргендер бір кезгі Берлиннің қандай болғанын ара-тұра жадына салып тұрады.
Еуропа, оның ішінде оңтүстік Еуропа Германияға қол ұшын созды. Маршаллдың жобасын жүзеге асыру аясында Германия АҚШ-тың тарапынан экономикалық көмек алды. Мұның бәрі немістердің тез арада аяғынан тұрып кетуіне септесті.
Мұны гректер білмейді емес. Профессор Санс Диастың (Sanz Díaz) айтуынша, Грекия Батыстан сол жылдары күллі Кәрі құрлық соғыстан кейінгі кезеңде Берлинге көмек көрсеткендей қайырымдылықты, дәл сол сықылды қарым-қатынасты күтеді.
Сіз білесіз бе?
Фашистік империя күйрегеннен кейін АҚШ пен Англия Грекияны Орталық банктің алтыны мен ақшасын үптеп кеткен Германиядан қарызын талап етпеуге көндіреді. Грекия фашистік езгіден зардап шеккен, сол отарлаудың өтемақысын ала алмаған санаулы елдердің бірі. 1947 жылғы Париж конференциясының негізінде тек Италия мен Болгария ғана азын-аулақ өтемақы төледі. Қайталап айталық, азын-аулақ.
1953 жылғы Лондон келісіміне сай Германия қарызының 63 пайызы кешірілді. Ең қызығы, бұл келісімге қол қойғандардың арасында Грекия да бар-тын...
1990 жылы қос Германия бірікті. Сол жылғы ГДР, КСРО, ГФР, АҚШ, Франция және Ұлыбритания қол қойған «2 плюс 4» келісімін Грекия да қолдап, осылайша өтемақы туралы мәселе біржолата жабылғандай болатын. Келісімнің мәні: осы арқылы Германия Гитлердің қылмысы үшін өтемақы төлемеу құқығына ие болды.
Ал 2010 жылдың қазан айында Германия Бірінші дүниежүзілік соғыстың қарызын толықтай өтеді.
Немістер экономикалық табысқа АҚШ-тың арқасында жетті. Олар мұндай «мәрттікті» ұмытпауға тиіс. Оның үстіне Еуроодақтың құрылуынан бәрінен бұрын немістер ұтты. Ендеше, осы одақты сақтап қалуға бәрінен бұрын немістер мүдделі болуы керек.
Гректер өтемақыны алмады емес, алды. 60 млн... 1960 жылы немістер экономикасы фашистік отарлаудың кесірінен күл-талқан болған гректерге 60 млн еуро төледі. Соған қарамай, Афины өткенді ұмытпағанын және сол кезгі жараның әлі күнге дейін жазылмағанын айтып отыр. Кім жеңеді, көрелік. Меркель Ципрастың сөзіне илігер ме екен?..