Белгілі журналист Бигелді Ғабдуллин еліміздегі қазақ журналистикасы орыс журналистикасынан төмен деп мәлімдеді. Мұны ол қазақ баспасөзінің ақын-жазушылыққа байланып қалғанымен түсіндірді. Ғабдуллин бұлай деп Halyksozi.kz-ке берген сұхбатында айтқан.
"Журналистика факультетіне келген балалардың мақсаты – жазушы, ақын болу. Ал жазушылық пен журналистиканың арасы жер мен көктей. Бірақ ақын бола алмасам, журналист боламын деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Журналистика – бөлек сала. Санасы бар адамды журналист етіп тәрбиелеуге болады. Өйткені бұл математика, биология немесе инженерлік секілді мамандық. Ал ақын, жазушы болу – Құдайдан келетін қасиет. Мысалы, менің Жанар деген жалғыз қызым бар. Ол Америкадағы бір оқу орнының халықаралық бизнес деген факультетінде оқыған, сонда бірінші курста ең бірінші жазуға үйретеді екен дейді. Ал біздің журналистиканы бітіргендерге бірдеңе жазып бер десең, жаза алмайды. Ойы бар, бәрі бар. Тек жаза алмайды. Қағаздан қорқады. Ал америкалықтардың қалай сөйлейтінін көрген боларсыздар. Сұхбат алсаң, қатырып тұрып сөйлейді, жазса, қатырып тұрып жазады. Себебі оларға кішкентай ақпарат жазудан, арызға дейін жазуды үйреткен. Қазақ журналистикасының бір кемшілігі, қайталап айтайын, – ақындық пен жазушылық. Барлық журналистиканың минусы – осы. Мысалы, үлкен-үлкен газеттерде бір бет өлеңдер жүреді. Мен бұған қарсымын" дейді журналист.
Сонымен қатар журналис қазіргі қазақ журналистерінің дамуына, ілгерлеуіне не кедергі болып отырғанын да айтыпты.
Ескерту!
Дереккөзі: Baq.kz