Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушыларға жолдаған хаты
Қазақстанның әскери-патриоттық клубтарының үздік өкілдеріне, әскери мектептердің оқушылары мен жоғары оқу орындарының әскери кафедралары студенттеріне шын жүректен ыстық ықыласымды білдіремін. Елімізде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарындағы жас ұрпақты жауынгерлік қызметке даярлап жатқан 2 мыңға жуық әскери-патриоттық ұйым бар. Отанымызды – Мәңгілік елді қорғау және әскер қатарында қызмет ету – әр қазақстандықтың қастерлі борышы. Кәсіби Отан қорғаушы болу – жоғары патриотизмнің көрінісі. Сіздер халқымыздың даңқты тарихының лайықты мұрагерлері ретінде бұдан 70 жыл бұрын Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен батырлар ерлігін әрдайым есте сақтайды деп есептеймін. Әскерге, оның заманға сай қарулануына және әскери дайындығына қамқорлық – Қазақстанды нығайту жолындағы 100 нақты қадамның – Ұлт жоспарының маңызды бөлігі. Оны жүзеге асыру ісі басталып та кетті. «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушыларға төзімділік, мықтылық, әскери бейімділік, командалық рух және өзара жолдастық көмекке адалдық тілеймін!
Бес күн бойы өздерінің машығын, әскери дайындығын сынаған жас отан қорғаушылар әртүрлі жарыс түрінен бәсекеге түсті. Әскери-далалық жаттығуға әскери мектеп-интернаттарының біріккен командасы, ЖОО әскери кафедраларының командасы және әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері қатысты. Олар белтемір мен серіппедегі жаттығулар, пневматикалық винтовкадан оқ ату, 100 метр қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру, арқан тарту, газтұмша, жалпыәскери қорғаныс жиынтығын кию, АК-74 автоматын бөлшектеу және құрастыру бойынша спорттың әскери-қолданбалы түрлері бойынша сынға түсіп, өзара үздіктерін анықтады.
ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов тұңғыш рет өткізіліп отырған әскери-патриоттық жарыстың мәні мен маңызы туралы өз ойын білдіріп, қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Қорғаныс министрі жастарды отансүйгіштікке баулу үшін тек жалаң ұранмен емес, нақты істердің тигізер ықпалы зор екенін баса айтты. Соның бірі тұңғыш қолға алынып отырған осы шара екендігін жеткізіп: «Отанын қорғау – барша азаматтардың асыл борышы. Туған еліңді сүю үшін әуелі оның қадір-қасиетін білуің керек», – деді.
Бес күндік шараға еліміздің әр түкпірінен келген жас жеткіншектер айрықша әсер алғандарын жеткізді. Отан қорғау киелі ұғым, ол ұғымды ешуақыт әлсіретуге болмайды деген ойын жеткізген жастар өздерінің әсерлерімен бөлісті.
Сайыс барысында жалпы командалық бірінші жүлделі орындарды: әскери-патриоттық клубтар арасында Астана қаласындағы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының, ЖОО әскери кафедралары арасында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің, республикалық әскери мектеп-интернаттары арасында Т. Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық әскери мектеп-интернатының командалары иеленді. Бұдан өзге де арнайы сыйлықтармен үздік нәтиже көрсеткен командалар марапатталды.
Жиын қазақстандық белсенді жастардың 800-ден аса өкілінің басын қосты. Олар республиканың 16 өңірінен келген әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, әскери-қолданбалы спорт түрі бойынша облыстық және қалалық жарыстардың жеңімпаздары атанып жүрген қыз-жігіттер, сондай-ақ республикалық әскери-мектеп интернаттарының (Алматы, Қарағанды, Шымкент, Семей, Павлодар, Ақтөбе қалалары), «Жас ұлан» республикалық мектебі және «Арыстан» лицейінің тәрбиеленушілері, жоғары оқу орындардағы әскери кафедралардың студенттері.
Шараның жабылуы кезінде жасы 18-ге толмаған "айбындықтар" әуеде әскери ұшақтарды шарықтатып, 15 бозбала парашютпен арнайы алаңқайға қонды. Жиналғандар жас сарбаздардың ерліктері мен ептіліктеріне сүйсінді.
Мұхаммед Ақашев, Шымкенттік «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі:
– Мен парашютпен бірінші секіргенім үшін құрмет белгісіне ие болдым. Оны маған ҚР Қорғаныс министрінің өзі табыс етті. Бұл маған қанат бітірді, десантшы болсам деген арманым бар және болашақта Қазақстанның Аэроұтқыр әскерлерінде қызмет еткім келеді. Қазақстанның бірінші республикалық жастар жиынына қатысқанымды мақтан тұтамын. Осы күндердегі көптеген сынақтарды біз лайықты игере алдық. Бұл жарыс кезінде өзге аймақтардан келген замандастарымызбен таныстық. Біз бұл күндерді ұмытпақ емеспіз.
Нұрбатыр Қаскей, Т. Бегелдинов атындағы Қарағанды республикалық әскери мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:
– Біз осы жарыстарды көптен күттік және дайындалдық. Аталған жиын біз үшін даярлығымызды сынауға және өзімізді көрсетуге тамаша мүмкіндік берді. Әрине, оңай болған жоқ, қарсыластарымыз мықты, дегенмен өжеттілік пен табандылық біздің үздік атануымызға септігін тигізді. Сайыс кезінде түрлі сынақтардан өтумен қатар, өзіміздің Отанымыздың әр түкпірінен келген жастармен әңгімелесудің, достасудың сәті түсті. Қазақ даласының әрбір тасын қорғау – барша отандастарымыздың міндеті деп ойлаймын. Біз Отанымыздың әр жетістігін мақтан етеміз.
Жұмабек Хасенов, ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник:
– Ауқымды үш күндік жиын және бүгінгі салтанатты жабылу рәсімі осындай іс-шараның жоғары деңгейде өткізіліп отырғанын көрсетті. Барлық өңірлерден келген жас қыз-жігіттер жақсы әсер алды. Болашақта Отанымыздың қорғанына айналатын өскелең ұрпақ үшін бұл тәрбие мектебі. Жастар өз өңірлеріне шыныққан күйінде жақсы көңіл-күймен қайтуда. Осындай іс-шаралар жалғасын тауып, дәстүрге айналады деген ойдамын.
Думан Танабасов