Қайдағы тәуелсіздік, біз қазір құлға айналып барамыз

Dalanews 16 қаң. 2017 06:01 972



Жазушы, аудармашы марқұм Герольд Бельгердің осыдан бірнеше жыл бұрын "Азаттыққа" берген сұхбаты керемет екен. Өткір, әрі әлі де өзекті сұхбат. "Біздің үлкен кемшілігіміз анау шенеуніктерді өте жоғары көтереміз. Ол әкім екен, бастық екен деп, олардың алдында дірілдеп-қалшылдап жұмсақ сөйлеп, биязы бола қаламыз" дейді Гер-аға. Рас қой иә?!





"Көрмегеніміз жоқ"


1941 жылы бізді Еділ бойынан Қазақстанға, Сібірге жер аударды. Ол жерде біздің автономиялық республикамыз болатын. Мен сол республиканың астанасы Энгельс қаласында тудым. Жеті жасымда Қазақстанға келіп, содан бері осы елде тұрамын.

 1956 жылы Совет одағында тұратын немістер жылымықты сезініп, оларға аз да болса бостандық берілді. Бұл уақытқа шейін немістердің барлық жағынан жолы кесіліп, құқығы шектеліп, тіпті оларды жоғарғы оқу орнына қабылдамайтын. Еркін жүруге құқығы болмайтын. Мен сол жылымықтың арқасында алғашқылардың бірі болып жоғары білім алу бақытын иеленген неміспін.

1954 жылы КазПИ ге бар-жоғы бес-ақ неміс оқуға түстік. Оған шейін онда бірде-бір неміс оқуға түсе алмаған. Ал, жоғарғы білім алғысы келген кейбір немістер аты-жөнін, ұлтын өзгертіп жазуға мәжбүр болған. Менің әкем енді мен Еділге қайтпаймын, өз Отаныма оралмаймын, қазақтың арасында қаламын деген үлкен қағидаға бой ұрып, ақыр аяғында қазақ ауылында үлкен ағаш үй салған азамат. 

 Еуропадағы немістерден біздің біраз айырмашылығымыз бар. Екі жүз жылдың ішінде біз олардан алыстап кеттік. Олар Еуропаның тәрбиесін көргендер де, біздер қазақтың, өзбектің, орыстың арасында өскен халықпыз.

"Қазақстандық ұлт" болмайды" 


«Қазақстандық ұлт» мәселесі мүлде мен қабылдамайтын дүние. Мен тіпті келешекте төлқұжатты бергенде ұлтымды көрсетпесе, ұлтымның неміс екенін оған сиямен жазамын. Мен ешуақытта да «қазақстандық ұлтты» білмеймін. Менің ұлтым неміс. Сол сияқты қазақтың ұлты қазақ, орыстың ұлты орыс болуға тиіс. Мұндай дүмбілез дүние саясатқа бола ойдан шығарылған, келешекте қазаққа сор болып тиетін үлкен нәубат.

Биліктің айтқанының бәріне бас шұлғып ере беруге болмайды. Бізде билік көбінесе шатасады, қателеседі, адасады. Адамның ойына келмейтін, ақылына симайтын бастамалаларды шығарып, халықтың арасында уағыздайды. Мұның бәріне көне берудің қажеті жоқ. Зиялы қауым бұл мәселелердің бәріне үлкен сақтықпен қарауы қажет.

Бұл заманда баррикаданың қай жағына шығатыныңды ашық айту керек. Әсіресе билік пен халықтың арасындағы қайшылық тереңдеп кетті. Халық бір бөлек те, билік бір бөлек болып тұр қазір. Мұндай жағдайда зиялы қауым ешкімге жалтақтамай пікірін ашық, анық айтуға тиіс.

"Қол сүю...ұят нәрсе" 


 "Еуропадағы зиялы қауым өздерін өте биік санайды, асқақ ұстайды. Ешуақытта да олар билік басындағылардың алдында басын иіп, құлдық ұрып, қолын сүюге бармайды. Себебі, бұл – ұят нәрсе. Мұның бәрі өркениетті қоғамның заңдылығына қайшы, феодал заманынан қалған жаман әдет.
Осы жерде менің ойыма Батыстың атақты жазушысы Уильям Фолкнердің басынан өткен бір оқиға түсіп отыр. Жазушы Нобель сыйлығын алғанда оған ілтипат танытып, сол кездегі Американың президенті шай ішуге шақырыпты. Сонда жазушы бір шай ішуге бола мен неге екі жүз шақырым жерге жанармайды шығындап баруым керек деп бармай қойыпты.

Бұл жағынан келгенде біз ұяттымыз. Біздегі жазушылардың, керісінше, биліктің алдында құрдай жорғалап, құлдық ұратынын талай көріп жүрмін. Тіпті, солардың көбісі менің араласып жүрген достарым. Көшеде жүргенде олар басқаша сөйлейді де, биліктің алдына барғанда мүлде бөлек сайрайды. Зиялы қауымның осы бір мінезі менің көңілімнен шықпайды".

"Интеллигенция деген орыстардың шығарған сөзі"


"Қазақта зиялы қауым жоқ деп тағы айта алмаймын. Өйткені мұндайда Салық Зиманов, Тоқтар Әубәкіров секілді азаматтардың принципшілдігі, тазалығы есіме түседі. Олар өздерінің ұстанымы, дүниетанымы бар азаматтар. Оларды мен өте жоғары бағалаймын. Бірақ, жалпылама алғанда, зиялы қауымымыздың деңгейі төмендеу.

Білесіз бе, интеллигенция деген орыстардың шығарған сөзі. Батыста интеллигенция деген ұғым жоқ. Ол жақта білімі мол, түсінігі терең, парасатты азаматтарды интеллектуалдарға жатқызады. Бірақ олар саясатқа көп араласа бермейді. Оны өткінші нәрсе деп қарайды.
Біздің үлкен кемшілігіміз анау шенеуніктерді өте жоғары көтереміз. Ол әкім екен, бастық екен деп, олардың алдында дірілдеп-қалшылдап жұмсақ сөйлеп, биязы бола қаламыз.

Ал Батыста интеллектуалдар бастықтың алдында өзін әлдеқайда жоғары санайды. Өйткені, билік өткінші дүние де, ал әдебиет, мәдениет, философия мәңгілік ескірмейтін құндылықтар. Осы ұғым бізде жоқ.

Біздің ақын-жазушылардың көбісі уақытша әкімдердің алдында өздерін төмен ұстайды, бағасын тым арзандатып алады. Менің ызамды келтіретіні сол. Шын жазушы биліктің емес, өзінің сөзін сөйлеп арды мойындатқызуы керек. Мәселе сонда...Пендешілік дейміз бе, әлде рухани ерекшелігі дейміз бе? Әйтеуір, мен түсінбейтін қазақтың осындай бір мінезі бар.

"Біз тарихымызды қай уақыттан бастайтынымызды білмейміз"


Қазақтың тарихын Назарбаевтан бастағысы келіп жатқан саясаткерлердің жаман әрекеттерінің ешқайсысы біздің президентке абырой әпермейді. Қайта ол кісінің ел алдындағы беделіне нұқсан келтіреді.

Қазақтың хандары баяғыда болған. Қазақ елі сонау заманнан бері еркіндік үшін күрескен, азаттықты сүйетін ержүрек халық. Соның бәрін жоққа шығарып, Назарбаев басқарған соңғы жылдардың ішінде ғана ел болдық десек бүкіл әлем бізге артын ашып күледі. Ұятқа қаламыз. Ондай өрескел қателікке жол беру тарихқа, ұрпаққа қиянат.

Менің марқұм болып кеткен Асқар Сүлейменов деген досым болды. Есіме сол Асекеңнің бір жақсы сөзі түсіп отыр. Совет одағы кезінде өмір сүрсе де Асқардың сталинизм мәселесіне байланысты көзқарасы ерекше болған. Қазір, шынында да, Сталинге табыну бізді былай қойғанда мына көрші Ресейде де жыл өткен сайын күшейіп барады ғой. Мен бұл туралы таласқым келмейді. Сталин менің ұғымымда немістерді жер аударған адамдардың бірі. Сондықтан менің Сталин туралы пікірім қашан да төмен. Әрине, ол ерекше қабілетті, тарихта орны бар адам. Оған ешкім де таласа алмайды. Бірақ мен Сталинге құлшылық етуді мойындай алмаймын.
Жаңағы айтқан әңгімеме қайтып оралайын. Менің досым Асқар Сүлейменовтың сталинизм туралы «ақылы жоқ халықтың бәрі сталинист» деп айтқан керемет бір жақсы сөзі бар.

Меніңше сол рухани тазарудың жоқтығынан, өзінің тарихтағы орнын білмегендіктен осындай келеңсіздіктер туатын болуы керек. Бізде құлдық психология керемет сақталған. Социализмнен өтіп кетіп, капитализмге бет бұрғанымызбен, біз әлі сол феодализмнің батпағынан шыға алмай келеміз.

"Хабарды" қосып қалсаң – шошисың"


Мақтанудың да бір реті, жөні болуы тиіс қой. Біздікінің бәрі құр мақтан. «Хабарды» басып қалсаң – шошисың. Кілең табыс, күн сайын таусылмайтын табыстар. «Казахстанская правда» басылымын оқи қалсаң сол жетістіктерді айтып, жер-көкке симай жатамыз. Құдды күллі әлемнің бәрі Қазақстанға қарап аузын ашып отырған сыңайлы. Таң қаласың.
Ал көретінің, еститінің мүлде басқа, мүлде бөлек. Мен осыдан қатты қауіптенемін. Кемшілікті жасыру осылай жалғаса берсе, билік пен халықтың арасындағы наразылық ушыға береді, бір-біріне деген өкпесі күшейе береді. 

"Қайдағы тәуелсіздік, біз қазір құлға айналып барамыз"


Біз тәуелсіздік, тәуелсіздік дегенімізбен шын мағынасындағы тәуелсіз адамдар жоқтың қасы, Бәріміз тәуелдіміз. Қойшы, тәуелділікте тұрған да ештеңе жоқ шығар.


Қайдағы тәуелсіздік, біз қазір құлға айналып барамыз. Қазір жұрт пікірін ашық айтудан қорқады. Халықтың бойында әлі күнге шейін үрей бар. Пікірін айтқысы келген зиялылардың көбісі оның зардабы балаларына тиіп кете ме деп қауіптенеді.

Өзінің ойын еркін айтатын ақын-жазушылар саусақпен санарлықтай. Қалғандары тек жүрсең – тоқ жүресің деген сияқты үнсіз. Менің достарымның, араласып жүрген жазушыларымның көбісі осы Бельгер сөйлесін, оған ештеңе бола қоймас, неміс қой деп бәрін маған ысыра салады. Өздері үндемей қалады. Көбісінің есіл-дерті орден алу, атақ-марапатқа бөлену. Жетпіске келген жазушыға атақ пен орденнің неге керегі бар екеніне керемет қайран қаламын.


Бұл енді қазақ жазушыларының бір психологиялық ерекшелігі болуы керек. Мен тіпті оларға кешіріммен қараймын. Ешқайсысын сөкпеймін. Түсінігі солай болса, оларға не істей аласың?





Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар