Алматы әуежайында ерлік көрсеткен Мұса Әбдірайым өзін “қойылым кейіпкері” деп айыптағандарға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Бірі батыр дейді, енді бірі бұл қойылым деп санайды. Қайдағы кино?! Мұндай жағдайды алдын ала ұйымдастыру мүмкін емес, бұл ақылға қонымсыз!” – деді ол ZTB-ға берген сұхбатында.
Қоғамда оның әрекеті қызу талқыланып жатқанымен, өзі ең бастысы – қыздың аман қалғанына шүкіршілік ететінін айтты.
“Президенттің марапаты мен халықтың қолдауы, әрине, қуантады. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – адам өмірін құтқару болды”, – деп атап өтті Мұса Әбдірайым.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ер адам әуежай қызметкерін кепілге алғанын жазған едік.
Әуежай өкілдерінің сөзінше, 7 наурызда әуежайдың ұшу алдындағы тексеру аймағында болған.
Сағат 11:45 шамасында өзін жолаушы ретінде таныстырған ер адам ішкі терминалдағы (Т1) рейс алдындағы тексеру аймағына келген. Алматы халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметінің скрининг қызметкерлері ер адамнан құжаттарын көрсетуді сұраған, бірақ ер адам скрининг офицерін шашынан ұстап алып, пышақпен қорқыта бастаған.
7 минуттан кейін әуежайдың желілік полиция бөлімінің (LPD) қызметкерлері және Алматы халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері оқиға орнына келді. Алайда күдіктінің қолындағы пышақты Мұса Әбдірайымов есімді азамат тартып алып, қызға көмек көрсетті.
Нәтижесінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайында қылмыскерді ұстауға көмектескен ер адамды мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай желідегі парақшасында осылай деп жазды.
“Президент қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды” деді баспасөз хатшысы.
Козачков телеграм-арнасының жазуынша, ол полиция қызметкері емес – оқиға орнына кездейсоқ тап болған және [қызметкерді босатып], өзін кепілдікке алуды ұсынған. Видеода оның пышақты үшкір жағынан жылдам тартып алғаны көрінеді.