Қай премьер кезінде ел экономикасы жақсы дамыды?

Айбар Олжай 06 ақп. 2024 10:58 2862

1991 мен 2024 жылдар аралығында Қазақстан үкіметін 11 саясаткер басқарды. Оның ішінде тек Кәрім Мәсімов қана екі рет Премьер-Министр лауазымында отырды.

Ал қай премьердің тұсында біздің экономика өрледі, қай үкімет уақытында керісінше құлады? Жыл сайын жаңа тарихымыздың парақтары молайып келе жатқандықтан бұл өте қызық дерек. 33 жыл аз уақыт емес. Дүниежүзілік банк пен Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп, кез-келген премьер-министрдің ең негізгі нәтижесі – ішкі жалпы өнімнің өсу линиясын қарай аламыз. Түсінікті болу үшін алдымен хронология, артынан рейтинг жасайық.

Сергей Терещенко, 1991-1994 жылдар

Сергей Терещенконың кезінде тәуелсіздікті енді алып, өндіріс қирап, зауыттар жабылып, зейнетақы төленбей, нағыз тоқырауға келген едік. Ер азаматтар ішіп кетті. Әйелдер қытай сөмкесін арқалап базарға шықты. Қазақстан жабайы капитализм және «челнок» экономикасы режиміне ауысты.

Терещенконың кезінде экономика төрт жыл бойы қатарынан құлады. Ал Қазақстан тарихындағы ең үлкен құлдырау, минус 12 пайыз - 1994 жылы болды.

Әкежан Қажыгелдин, 1994-1997 жылдар

Қажыгелдиннің дәуірінде жекешелендіру экономикасы басталды. Қажыгелдин бізді минустан плюске шығарған алғашқы премьер. Әкежан Мағжанұлы 1995 жылы ішкі жалпы өнімді 8,2 пайызға құлдыратты. Бірақ 1996 жылы экономиканы 0,5 пайызға, ал 1997 жылы 1,7 пайызға өсірді. Біздің экономикалық жылнамада 1996 жыл «әйтеуір жағдай оңала бастаған» уақыт ретінде тарихта қалды.

Нұрлан Балғымбаев, 1997-1999 жылдар

Балғымбаевтың кезіндегі экономиканың максималды өсуі +2,7 пайыз болды. Бірақ 1998 жылғы Ресейдегі дефолт Қазақстанға да ауыр тиді. 1998 жылы біз 1,9 пайыз жоғалттық та, 1999 жылы жағдайды түзедік.

Қасым-Жомарт Тоқаев, 1999-2002 жылдар

Қасым-Жомарт Кемелұлының кезінде әлемде мұнай бағасы шарықтады да, ішкі жалпы өнім дереу өсе бастады. Тоқаев тәуелсіз ел тарихында экономиканың бір жылдық өсу қарқынын 10 пайыздан асырған алғашқы премьер болды. 2001 жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі 13,5 пайызды көрсетті. Бұл бүгінге дейін жаңармаған абсолютты рекорд. Сол жылы еліміз әлем бойынша ең тез байыған ТОП-10 елдің қатарына кірді.

Иманғали Тасмағамбетов, 2002-2003 жылдар

Иманғали Нұрғалиұлының дәуірінде әлемде «қымбат мұнай» фазасы сақталып тұрды. Тасмағамбетов көрсеткен максималды өсім 9,7 пайыз болды.

Даниал Ахметов, 2003-2007 жылдар

Даниал Кенжетайұлының уақытында экономика өзін жақсы сезінді. Ол өзінің максималды нәтижесін 2006 жылы көрсетті. Сол жылы экономика 10,7 пайызға өсті.

Карим Мәсімов 2007-2012, 2014-2016 жылдар

Кәрім Қажымқанұлының үкіметті екі рет басқарғанын білеміз. Алғашқы отырысында ол максималды 8,9% өсім, ал екінші мерзімінде 4,2 пайыз өсім көрсетті.

Серік Ахметов, 2012-2014 жылдар

Серік Ахметов өз максимумын 2013 жылы көрсетті. Сол жылы экономика 6 пайызға өсті. Бірақ Серік Ахметовтың басқа жетістігі бар. Оның кезінде Ұлттық Қордың көлемі 75,2 миллиард долларға жетті. Бұл межеге біз одан кейін ешқашан іліне алмадық. Қазір шамамен 56-57 миллиард доллармен отырмыз.

Бақытжан Сағынтаев, 2016-2019 жылдар

Бақытжан Әбдірұлының уақытында Қазақстан «орта табыс тұзағына» түсіп қалды. Яғни экономика өсуі 5 пайыздан аса алмайтын жағдайға жеттік. Оның максималды нәтижесі 2019 жылы – 4,5 пайыз өсім болды.

Асқар Мамин, 2019-2022 жылдар

2020 жылға дейін (пандемия) Қазақстан экономикасы соңғы рет 1998 жылы құлаған болатын. Сол уақыттан бері тек қана үздіксіз өсіп келді. Мамин экономиканың құлауын көрсеткен төртінші премьер. Терещенко дәуірінде (1991-1994) экономика сол төрт жыл қатарынан құлап келді. Қажыгелдиннің кезінде ІЖӨ 1995 жылы (-8,2%) құлады. Нұрлан Балғымбаевтың кезінде 1998 жылы экономикамыз -1,9 пайызға құлдыраған. Ал Асқар Мамин дәуірінде 2020 жылы экономика 2,5 пайызға құлады. Ал 2021 жылы керісінше 4,3 пайызға өсті. Маминның максималды нәтижесі 4,3 пайыз болды.

Әлихан Смайылов, 2022-2024 жылдар

Әлихан Асханұлы посткризистік кезде келді де, экономиканы құлатқан жоқ. 2022 жылдың қорытындысы бойынша экономика 3,2%, ал 2023 жылдың нәтижесінде экономика өсімі 5,1% көрсетті. Максималды нәтиже – 5,1%.

Ал енді, Қазақстан экономикасын барынша өсірген премьерлер рейтингі:

1. Қасым-Жомарт Тоқаев – 13,5%
2. Даниал Ахметов – 10,7%
3. Иманғали Тасмағамбетов – 9,7%
4. Кәрім Мәсімов – 8,9%
5. Серік Ахметов – 6%
6. Әлихан Смайылов – 5,1%
7. Бақытжан Сағынтаев – 4,5%
8. Асқар Мамин – 4,3%
9. Нұрлан Балғымбаев – 2,7%
10. Әкежан Қажыгелдин – 1,7%
11. Сергей Терещенко – минус 12%


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар