Қазақстанда кене маусымы басталғалы бері 13 мыңнан аса адам медицина қызметкерлеріне жүгінген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, олардың 90 пайыздан астамына кене энцефалитінің алдын алу үшін шұғыл профилактикалық көмек көрсетілген.
Ведомство дерегінше, еліміздің эндемиялық өңірлеріндегі медициналық ұйымдар толық дайындыққа келтірілген. Бұл аймақтарда кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіліп, қауіп тобына кіретін азаматтарды вакцинациялау жалғасып жатыр.
Кене энцефалиті жиі кездесетін өңірлер қатарына Алматы қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары, Абай облысының Көкпекті ауданы, Ақмола облысының Сандықтау ауданы, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы кіреді.
Министрлік мәліметінше, елімізде жыл сайын кене энцефалитінің 24-тен 48-ге дейінгі жағдайы тіркеледі. Биылдың өзінде 24 жағдай анықталған.