Қазақстанда болашақ дәрігерлерді даярлау тәртібі өзгереді: Аймағамбетов мәлімдеме жасады

Қазақстанда болашақ дәрігерлерді даярлау тәртібі өзгереді: Аймағамбетов мәлімдеме жасады
Фото: Inbusiness

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов медициналық білім беру жүйесіне енгізілетін өзгерістер туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, жаңа реформалар 2022 жылдан кейін жоғары оқу орнына түскен студенттерге ғана қатысты болады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутат қазіргі таңда медициналық университеттерде үш түрлі оқу жүйесі қатар қолданылып жатқанын айтты. 

“1. 2019 жылы түсіп, биыл оқуын аяқтайтындар: 5 жыл бакалавриат + 2 жыл интернатура форматымен оқуда. Олар 7 жылдық оқудан кейін тек жалпы практикалық дәрігер (ЖПД) болып жұмыс істей алады. Тар бейінді маман болу үшін резидентура қажет.

2. 2020-2021 жылдары түскендер (2026-2027 жылдары аяқтайды): 5 жыл бакалавриат + 1 жыл интернатура бойынша оқып жатыр. Олар 6 жылдық оқудан кейін тек 6 мамандық бойынша ғана жұмыс істей алады. Тар бейінді маман болу үшін тағы да резидентура қажет.

Осы 2022 жылға дейін оқуға түскен студенттер үшін ештеңе өзгермейді”, — деп жазды ол.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, 2022 жылдан бастап енгізілген жаңа модель бойынша студенттер 6 жыл оқиды. 

“Оның ішінде бакалавриат, магистратура және небәрі 6 айлық интернатура бар. Бұл жүйенің алғашқы түлектері дипломдарын 2028 жылы алады”, - деп атап өтті депутат. 

Оның сөзінше, бұл жүйеде бірнеше проблема бар. 

“Біріншіден, жұмысқа тұру мүмкіндігінің шектелуі. 2028-2029 жылғы түлектер оқуды аяқтаса да, жұмысқа тұра алмайды. Барлығы міндетті түрде резидентурадан өтуі тиіс (2-4 жыл). Ал резидентураға бөлінетін гранттар саны өте аз, демек басым бөлігі өз қаражатына оқуға мәжбүр болады”, - дейді ол.

Сондай-ақ депутат қазіргі бағдарламада практикалық тәжірибенің аздығына назар аударды.

“Бағдарламадағы бір жылдық магистратура көбіне диссертация жазуға кетеді. Сонда нақты оқу 4,5 жылға жуық созылады. Ал интернатура небәрі 6-ақ ай. Бұл уақытта студент ауруханада нақты мәртебесіз, медициналық жүйелерге рұқсатсыз және ем-домға қатысу құқығынсыз “өз бетімен” жүреді”, - деп түсіндірді ол. 

Депутат үшінші мәселе ретінде мансаптық кедергіні атап өтті. 

“Алты жылдық оқудан кейін олар тіпті ЖПД (ВОП) болып та істей алмайды. Резидентурасыз жұмысқа жол жабық”, - деп түсіндірді ол. 

Енді не өзгереді?

Депутаттың сөзінше, осыған байланысты елімізде қайтадан 7 жылдық оқу жүйесіне көшу ұсынылып отыр. Жаңа модель 6 жыл теориялық білім мен 1 жыл толыққанды практикалық интернатурадан тұрады.

“Оқу кредиттер саны да 300 емес, 420 болады. Осыдан кейін түлектер ЖПД және тағы 5 бағыт бойынша тікелей жұмысқа шыға алады. Невропатолог немесе нейрохирург сияқты тар бейінді маман болғысы келсе резидентурада оқуын жалғастырады”, - деп қосты ол. 

Сонымен қатар анатомия, физиология секілді іргелі пәндер бойынша бірыңғай типтік бағдарламалар енгізілмек. 

“Әр университет бұл пәндерді толық көлемде беруге міндетті болады. Осы базаны меңгергеннен кейін тәуелсіз алаңда арнайы емтихан тапсырылады”, - дейді ол. 

Ал интернатурадан өтетін студенттерге алғаш рет “дәрігер-интерн” мәртебесі берілмек.

“Интернатураға барғандар енді заңмен бекітілген, ресми мәртебе алады. Бұл: мед. ақпараттық жүйелерге рұқсат, тәлімгердің бақылауымен қарапайым манипуляциялар жасау, еңбекақы алу және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілу құқығы. Бұл нақты тәжірибе жинауға мүмкіндік береді”, - деді депутат. 

Депутаттың сөзінше, ең маңызды өзгерістің бірі – студенттерге таңдау құқығының берілуі.

“2022 жылдан бастап ескі бағдарламамен түскен студенттерге мүмкіндік береміз. Егер студент “6 жыл оқып, бірден резидентураға барамын, тәуекелдерді білемін және қолданыстағы жүйемен оқуымды жалғастырамын” десе, осы қолданыстағы жүйемен қала алады. “Жаңа бағдарламаға ауысып, 7 жылдан кейін тікелей жұмысқа шыққым келеді” десе, оған да құқылы.

Біз студенттердің ұсыныстарын ескеріп, осы таңдау мүмкіндігін заңнамалық түрде бекітеміз”, - деп сөзін түйіндеді ол.