Қазақстанда газ бағасы тағы қымбаттайды

Қазақстанда газ бағасы тағы қымбаттайды
pixabay.com

Қазақстанда газдың көтерме бағасы биыл тағы өседі. Үкімет мұны елдегі расталған газ қорының аздығымен түсіндіріп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін айтты.

Министрдің сөзінше, қазіргі бағамен жеке компанияларға газ өндірумен айналысу тиімсіз болып отыр. Соның салдарынан Қазақстан газ қоры мен өндірісі бойынша жетекші елдердің қатарына кірмей қалған.

«Бүгінде бізде расталған газ қоры бойынша жағдай аса жақсы емес. Қазіргі көтерме бағамен жеке компаниялар газ өндіруге бармайды, себебі бұл тиімсіз», - деді Жұманғарин.

Оның айтуынша, бағаның өсуі инвесторларды тарту үшін қажет. Сондықтан үкімет биыл тағы да көтерме газ бағасын көтеруге мәжбүр болады.

Министр бұған дейін Энергетикалық кеңес 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап тауарлық газдың көтерме бағасын көтеру туралы шешім қабылдағанын еске салды.

Жұманғарин егер Қазақстан өз газын жеткілікті көлемде өндірмесе, кейін импортқа тәуелді болатынын айтты.

«Әйтпесе газ басқа себептермен қымбаттайды, өйткені біз оны импорттаймыз. Ал бізге газ сататын елдер біздің әлеуметтік саясатымызды ескеріп отырмайды», - деді ол.

Министрдің пікірінше, халыққа қолжетімді газ сақтау үшін ел ішінде жаңа қорларды тауып, өндіру қажет. Ал ол үшін қазіргі тарифтерді көтеру керек.

Сонымен қатар министрлік шілдеде жоспарланған газ бағасының өсуі инфляцияны шамамен 0,16 пайызға ғана арттырады деп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2028 жылға дейін газдың көтерме бағасын кезең-кезеңімен көтеру жоспары жарияланған болатын.