Қазақстанның Көлік министрлігі Астана - Франкфурт бағыты бойынша ұшқан Air Astana әуе компаниясының рейсіне қатысты оқиғаны тексереді, деп хабарлайды dalanews.kz.
8 мамырда KZR921 рейсін орындаған Airbus A321 ұшағы Астана халықаралық әуежайынан ұшып шыққаннан кейін экипаж қозғалтқыштардың бірінде ақау пайда болғанын анықтап, PAN-PAN шұғыл дабылын жариялаған. Осыдан кейін ұшақты Ақтөбедегі қосалқы әуежайға қондыру туралы шешім қабылданған.
Ұшақ бортында 93 жолаушы, оның ішінде төрт бала мен бір нәресте, сондай-ақ, экипаждың тоғыз мүшесі болған. Әуе кемесі Ақтөбе әуежайына жергілікті уақытпен сағат 11:34-те штаттық режимде қонған.
Алдын ала мәлімет бойынша оқиға ұшақтың күштік қондырғысындағы техникалық ақауға байланысты болған. Қазір зардап шеккендер мен әуе кемесі зақымданғаны туралы ақпарат жоқ.
Министрлік бұл жағдайды ауыр авиациялық оқиға ретінде тіркеп, тергеуді Көліктегі оқиғаларды тергеп-тексеру департаменті жүргізетінін мәлімдеді.