Президент Бас прокуратурада жиын өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтарға деструктивті контентті таратудың құқықтық салдары жөнінде үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн.
"Технологияның қарқынды дамуы ақпараттық кеңістіктің түбегейлі трансформациясына жол ашады. Қоғамды жікке бөліп, азаматтарды бір-біріне қарсы қоятын деструктивті ақпарат таратуға бейіл адамдар да бар. Мұның бәрі өшпенділікке бастайтын ешкімге қажетсіз, тіпті қауіпті пікірталасқа жалғасады. Жасанды интеллектіні осындай адамдар ақпараттық қаруға айналдырып, заңға қайшы келетін контенттерді көптеп тарата бастайды. Бұған жол беруге болмайды. Ондай әрекеттерге құқықтық баға беріп, жауапкершілікке тарту қажет. Азаматтарға деструктив контентті таратудың құқықтық салдары жөнінде үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн", - деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, тәртіпсіздік пен заңсыздыққа жол беруге болмайды.
"Ұлттық құрылтай отырысында мен отаншылдық ұғымы туралы пікірімді айттым. Отаншылдық бұл жай ұран емес, отаншылдық дегеніміз – қасиетті сезім, мұның әсіреұлтшылдыққа еш қатысы жоқ. Қазақстанда біз отаншылдық ұғымына жауапкершілік және жасампаздық тұрғысынан қарауымыз керек, яғни отаншыл азамат ең алдымен жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат болуға тиіс. Отанға деген сүйіспеншілік саяси ұпай жинау немесе қызметтік мансап жасау емес, бұл – Отаныңа жақсылық жасау, еліңе пайда әкелу деген сөз", - деді Тоқаев.
