Іс-шараны Түркістан облысы әкімдігінің тікелей бастамасымен əрі қолдауымен Мақтаарал және Жетісай ауданы әкімдіктері бірлесіп ұйымдастырды.
Фестивальдің мақсаты – бақша дақылдарынан өндірілетін өнім түрлерін көбейтіп, кәсіпкерлікті дамыту, бақша өнімдерін, терең өңдеуді қолға алу және диқандардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау. Еңбекші қауымның еңсесін көтеруге бағытталған фестивальдің ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің ауыл шаруашылығы саласының потенциялы жоғары екеніне тоқталды.
– Біз бақша өнімдерін терең өңдеу саласына мән бергеніміз жөн. Осы мақсатта қауын мен қарбыздың отаны саналатын Жетісай және Мақтаарал аудандарында бақша өнімдерін терең өңдеумен айналасытын шағын кәсіпорындар мен цехтарды іске қосуымыз қажет. 2018 жылы Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын жобалар мен іс-шаралар қайта қаралып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға негізделген болатын. Соның нәтижесінде биылдан бастап облыстың әр аймағында ауқымды шара өткізу және оларды дәстүрге айналдыру қолға алынды. Бүгінгі облыс тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған «Қауын fest» облыстық фестивалі сол игі бастамалардың жалғасы. Алдағы уақытта жыл сайын тамыз айында «Қауын fest» фестивалін, «Қауынғақ», «Қауында да қауын бар», «Қарбызды Оңтүстікте дарбыз дейді» сияқты байқаулар мен жәрмеңкелер ұйымдастырамыз, – деді облыс әкімі.
Жалпы Жетісай және Мақтаарал аудандарының ауа-райы бақша дақылын өсіруге тиімді. Бұл фестивалге аталған аудандарынан бөлек, облыстың өзге қала, аудандарынан қауын-қарбыз егумен айналысатын шаруалар жиналды.
Олар қауынның 27 түрінен 30 тонна көлемінде қауын әкелді. Фестиваль барысында келушілерге карвинг және қауын-қарбыз көрмесі ұсынылды.
Сондай-ақ, шара аясында тосап дайындаушылар сайысы, «Ең үлкен қауын», «Ең дәмді қарбыз», «Ең тәтті тосап», «Ең үздік бақша өнімдерін ұсынған ауыл әкімдігі» атты номинациялар бойынша жарыстар ұйымдастырып, бас жүлдеге «темір тұлпар» тарту етті. Шараға Жетісай ауданының 9 ауыл округі әкімдігі мен облыстың 8 аудан, қалаларынан бақша дақылдарын өсіретін ірі шаруа қожалықтары шақырылған.
Облыс диқандары өткен жылы 1250 мың тонна бақша өнімдерін өндірсе, биыл 1330 тонна өнім жиналған. Ол өткен жылмен салыстырғанда 80 мың тоннаға артқан. Оның 771, 4 мың тоннасы қауын болса, 558,6 мың тоннасы -- қарбыз. Гектар түсімі 220 центнерді құраған. Республикада өсірілген қауын-қарбыздың 65 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Мақтаға қарағанда бақша өнімдерінен түскен табыс 5 есеге көп. Облыста өндірілген бақшаның 44 пайызы Мақтаарал мен Жетісай аудандарынының үлесінде. Дегенмен, аталған дақылдардың өнімін қайта өңдеу кәсіпорындары аз. Оның үстіне бүгінде қауынқақ, қауынқұрт әзірлеу секілді далалық әдіс-тәсілдер ұмыт болып бара жатыр. Биылғы фестиваль арқылы ұмытылған кәсіптер қайта жанданбақ.
Биыл түркістандық шаруалар жалпы 61,4 мың гектар жерге қауын мен қарбыз еккен. Оның ішінде бақша дақылдарын жинаудан жыл сайын рекордтық көрсеткішке қол жеткізетін Жетісай мен Мақтаарал аудандарында 19 500 гектарға қауын, 7 564 гектарға қарбыз егілген. Түркістан облысының диқандары осы жылдың 7 айында Ресей, Беларусь, Латвия, Германия сынды елдерге 80 мың тоннадан астам қауын-қарбыз экспорттады. Соның ішінде Ресей мемлекетінің нарығына 60 мың тоннадан астам бақша дақылы шығарылған.
Фестивальде қатысқан тұрғындар мен қонақтар дəмі тіл үйінен қауыннан дəм тартып, іс-шараға ризашылықтарын білдірді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі