Ұлттық банкі қате аударылған ақшаға қатысты алаяқтық оқиғалар жиілеп кеткенін ескертті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Көп тараған схемалардың бірі - ақша түскені туралы жалған хабарлама жіберу. Ондай кезде азаматтар банк шотына түскен ақша туралы SMS хабарлама алады.
Кейін оларға қаскөйлер қоңырау шалып, өзін ақша аударған адам ретінде таныстырады да, "қателесіп аударыппын" деген сылтаумен түскен ақшаны кері қайтаруды сұрайды. Ұлттық банк мәліметінше, көбіне мұндай хабарламалар жалған болып шығады.
"Осындай хабарлама немесе қоңырау алған кезде ақша қайдан келгенін тек банктің ресми мобильді қосымшасынан немесе интернет банкинг арқылы тексеріп алған абзал. Белгісіз нөмірден келген SMS хабарламаға сенбеу қажет, күдікті сілтемеге өтпеу керек", - деп жазылған хабарламада.
Алаяқтық схеманың тағы бір түрі бар. Ол кезде қаскөйлер азаматтың шотына шынымен де ақша аударады. Кейін олар ақша аударған адам болып қоңырау шалып, "қателесіп аударғанын" айтады да, түскен ақшаны қайтаруға басқа бір шот ұсынады.
Әңгіме кезінде психологиялық қысым (мысалы ақша баланың еміне керек екенін айтады) көрсетуі немесе құқық қорғау органдарына, сотқа шағымданатынын айтып, қорқытуы мүмкін. Көбіне алаяқтар өзін күш құрылымдарының немесе Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке және банк дерегін сұратады.
"Ұлттық банк қызметкерлері аудио және видеоқоңырау шалмайды, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, халықпен ақшалай есеп айырыспайды", - деп жазылған хабарламада.
