Экономист Мақсат Халық жеке қаржыны басқару, қажетсіз шығындарды қысқарту және жинақ қалыптастыру бойынша кеңестерімен бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол Facebook парақшасында қаржылық жағдайын жақсартқысы келетін азаматтарға мынадай кеңестер ұсынды.
1. Шығындарды басқарудан бастаңыз
Қаржылық жағдайыңызды өзгерткіңіз келсе, алдымен шығындарыңызды бақылауға алыңыз.
2. Шығындарыңызды жазып жүріңіз
Әрбір шығынды тіркеп отырыңыз. Қажеттілік пен қалауды ажыратыңыз. Кафе, такси және жоспарсыз сауда сияқты шығындарды есептеңіз. Ай соңында ақшаңыздың қайда жұмсалғанын нақты көресіз.
3. Қажетсіз сатып алуды тоқтатыңыз
Үш ай бойы жоспарсыз сатып алудан бас тартыңыз. Жаңа зат алмас бұрын өзіңізден: «Бұл маған шынымен қажет пе?» деп сұраңыз. Сатып алмаған заттың ақшасын жинағыңызға аударыңыз.
4. Өзіңізді өзгелермен салыстырмаңыз
Біреудің көлігіне, саяхатына немесе табысына қарап шешім қабылдамаңыз. Оның қаржылық жағдайын толық білмейсіз. Әлеуметтік желіге кететін уақытыңызды азайтып, өз мақсатыңызға көңіл бөліңіз.
5. Қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз
Бюджет жүргізуді, жинақ қалыптастыруды және инвестиция негіздерін үйреніңіз. Ақша табу маңызды, бірақ оны дұрыс басқару одан да маңызды.
6. Қаржылық қор қалыптастырыңыз
Қаржыңызды мына ретпен жоспарлаңыз:
• Күнделікті қажеттіліктерге арналған қаражат;
• Күтпеген жағдайларға арналған қор;
• Ұзақ мерзімді жинақ;
• Қаржылық мүмкіндігіңізге сай инвестиция.
Табысыңыздың белгілі бір бөлігін тұрақты түрде жинап отырыңыз.
Мақсат Халықтың жазбасындағы негізгі ой - қаржылық тұрақтылық тек табыс көлеміне емес, ақшаны басқару әдетіне де байланысты.