Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің күйеу баласы, бұрын Президент қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары болған Отабек Умаров 2023 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтығын алған. Бұл туралы OCCRP мен «Радио Озодлик» бірлескен зерттеуінде айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Зерттеу авторларының қолына түскен құжаттарға сәйкес, Отабек Умаровқа БАӘ паспорты 2023 жылғы сәуірде берілген. Ол кезде Умаров Өзбекстан президентінің қауіпсіздік қызметінде жоғары лауазымды қызмет атқарып жүрген.
OCCRP мәліметінше, Өзбекстанның әскери қызмет туралы заңнамасында мұндай қызметтегі әскери қызметшінің басқа мемлекеттің азаматтығын алуы қызметтен босатуға негіз болуы мүмкін. Алайда Умаров БАӘ паспортын алғаннан кейін де шамамен бір жарым жыл қызметін жалғастырып, тек 2024 жылғы қарашада лауазымынан кеткен.
Журналистер Отабек Умаровты БАӘ азаматтығына кім ұсынғанын анықтай алмаған. БАӘ заңнамасына сәйкес, шетел азаматтары азаматтыққа өз бетінше өтініш бере алмайды, оларды елдің жоғары лауазымды тұлғалары немесе әмірліктердің билеушілері ұсынуы тиіс. OCCRP Умаровтың азаматтығына қатысты құжаттардың түпнұсқалығын жеке тексергенін мәлімдеді.
Дубайда 7 млн долларлық 13 пәтер бар
Зерттеуде Умаровтың Дубайдағы жылжымайтын мүлкі туралы да айтылады.
Дубайдың жер реестрі мен өзге де құжаттарға сүйенген журналистер Отабек Умаровтың атына жалпы құны шамамен 7 млн доллар болатын 13 пәтер тіркелгенін анықтаған.
Оның 11-і Madinat Jumeirah Living ауданындағы Jadeel тұрғын үй кешенінде орналасқан. Тағы екі пәтер Downtown Dubai аумағындағы Fountain Views мұнараларында, Dubai Mall мен Бурдж-Халифа маңында орналасқан.
Зерттеу авторларының мәліметінше, бұл мүліктер бұған дейін Отабектің інісі Ойбек Умаровтың атына тіркелген. 2025 жылы барлық 13 нысан Отабек Умаровтың атына өткен. Алайда жылжымайтын мүліктің сатылғаны немесе сыйға берілгені анықталмаған.
Журналистер Отабек және Ойбек Умаровтарға түсініктеме алу үшін сауал жолдаған, алайда зерттеу жарияланғанға дейін жауап алмаған.
Отабек Умаров кім?
Отабек Умаров – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің кенже қызы Шахноза Мирзиёеваның жұбайы.
Ол ұзақ жыл бойы Өзбекстан президенті қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2024 жылғы қарашада бұл лауазымнан кетіп, Өзбекстан Ұлттық олимпиада комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған.
Сонымен қатар ол спорт саласында бірқатар қызмет атқарады. Атап айтқанда, Азия Олимпиада кеңесінің Орталық Азия бойынша вице-президенті және Өзбекстан дзюдо федерациясының басшысы ретінде белгілі.
OCCRP зерттеуінде Өзбекстанда мемлекеттік қызметшілердің табысын қоғамға ашық түрде декларациялау жүйесі жоқ екені атап өтіледі. Сондықтан журналистер Дубайдағы 13 жылжымайтын мүлікті Умаровтың өз атына рәсімделген шетелдегі ең ірі расталған активтерінің бірі деп сипаттайды.
Отабек Умаров пен Өзбекстан президентінің әкімшілігі зерттеу жарияланғанға дейін БАӘ азаматтығы мен Дубайдағы жылжымайтын мүлікке қатысты OCCRP сауалдарына жауап бермеген.