Қырғызстанда контрабандаға қатысы бар деген күдікпен кеден және шекара қызметтерінің 15-ке жуық қызметкері ұсталды. Бұл туралы ел президенті Садыр Жапаров Баткен облысының Лейлек ауданындағы тұрғындармен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жапаровтың айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті жасырын камера орнатып, 15 күн бойы қызметкерлердің әрекетін бақылаған. Президенттің сөзінше, бейнежазбаларда кеденшілер мен шекарашылардың елге тауар өткізу кезінде ақша алғаны көрінеді. Ұсталғандар қамауға алынған.
Мемлекет басшысы 2020 жылы қызметіне кіріскеннен бері кеден және шекара қызметкерлеріне контрабандаға жол бермеуді, импортталатын тауарлар үшін тиісті баж салығын төлеуді талап етіп келе жатқанын айтты.
Оның сөзінше, кедендік түсімдер мемлекеттік бюджетті толықтыруға және ел экономикасын дамытуға қажет. Жапаров контрабандаға жол берілсе, бюджет кірісін арттыру және өңірлердің дамуына қаражат бөлу қиындайтынын атап өтті.