Алматыда айына 3 миллион теңгеден астам жалақы алатын 6 317 адам бар. Ал Астанада мұндай қызметкерлердің саны – 2 784. Екі қалада еліміз бойынша осындай жоғары жалақы алатындардың 62 пайыздан астамы тұрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы жалақы мөлшеріне қатысты зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Зерттеу деректеріне сәйкес, Алматыда айына 1 миллион теңгеден астам жалақы алатын 52 118 адам бар. Бұл – Астанадағы көрсеткіштен шамамен 1,6 есе көп. Елордада мұндай қызметкерлердің саны 32 128 адамды құрайды.
Алайда зерттеуге қатысқан қызметкерлердің жалпы санындағы үлесі бойынша екі қала арасындағы айырмашылық онша үлкен емес. Алматыда жұмысшылардың 11,4 пайызы, ал Астанада 10,6 пайызы айына 1 миллион теңгеден астам табыс табады.
Қазақстан бойынша мұндай жалақы алатындардың саны 187 994 адамға жеткен. Бұл зерттеуге қамтылған қызметкерлердің 5,6 пайызына тең.
Сонымен қатар зерттеуге қатысқан жұмысшылардың 59,9 пайызы айына 400 мың теңгеден аспайтын жалақы алады.
Айта кетейік, зерттеу 2026 жылғы сәуірде есептелген жалақы көлеміне негізделген. Онда елдегі барлық жұмыспен қамтылған азаматтар қамтылмаған. Атап айтқанда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен шағын бизнестегі кейбір қызметкерлер зерттеуге кірмеген.
Зерттеуде көрсетілген жалақы мөлшері салықтар мен басқа да міндетті төлемдер ұсталмағанға дейінгі соманы білдіреді.