Freedom Inside '26

Қаржы пирамидасының құрығына түсіп қалған: Қызылордада WornerBros бойынша үкім шықты

Қаржы пирамидасының құрығына түсіп қалған: Қызылордада WornerBros бойынша үкім шықты
gov.kz

Қызылорда қаласында WornerBros қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеп-тексеруді ҚМА Қызылорда облысы бойынша департаменті жүргізді. Ұйымдастырушы азаматтарды WornerBros платформасы арқылы қысқа бейнероликтер мен фильмдерді көргені үшін табыс табуға болады деген желеумен қаржы пирамидасына тартқан. Қатысушыларға рефераль сілтеме арқылы тіркеліп, құны 10 мың теңгеден 11 млн теңгеге дейінгі VIP пакеттердің бірін сатып алу ұсынылған. Бұл ретте күніне 735 мың теңгеге дейін табыс түсетіні уәде етілген.

Әрбір жаңа қатысушы үшін бонус төленіп отырған, бұл азаматтарды жүйеге тұрақты түрде тартуға ынталандырған. Схеманы насихаттау үшін WhatsApp топтары, әлеуметтік желілердегі жарнамалар және үгіт-насихат пайдаланылған.

Тергеу барысында салымшылардың қаражатын жинақтау және аудару үшін қолданылған криптоәмияндар анықталды. Сот санкциясымен 3 млн USDT көлеміндегі криптоактивке тыйым салынды. Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ, 24 жәбірленушінің азаматтық талап-арызы қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енді.